Астанасы жоқ елді білеміз бе?
Астанасыз ел болмайды деп жүрсек, бір жолдасым ресми астанасыз бір ел бар деп маған жұмбақ жасырды. Шынымен, астанасыз ел бар ма?
Нұрбек Тайғараев, Балқаш
Әлбетте, әлемде ресми астанасы жоқ бірден-бір ел бар. Ол – Науру. Бұл ел Тынық мұхиттың батыс бөлігінде, Австралияға жақын маңда Науру аралында орналасқан, халқы – 14 мың, жер көлемі – 21,3 шаршы шақырым. 1968 жылы Ұлыбританиядан, Австралиядан, Жаңа Зеландиядан тәуелсіздігін жариялаған Науру мемлекеті 1999 жылы БҰҰ құрамына мүше ел болып енді. Ресми астанасы, тіпті қаласы жоқ бұл президентінің резиденциясы Мененг округінде, ал үкімет пен парламент ғимараттары Ярен округінде қоныс тепкен. Парламенттік республика саналатын Науру елінің 18 депутаттан тұратын бірпалаталы парламенті бар. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 3 жыл. Елдің қазіргі президенті Маркус Стивен – кезінде 1992 жылы Барселона Олимпиадасында топ жарған ауыр атлет. Елдің ЖІӨ-сі – 60 миллион доллар, ал бұл жан басына шаққанда, 5 мың доллардан келеді. Фосфориттің мол қоры бар бұл ел бақуатты болып саналады.