Ата-анасынан айырылған балаларға жәрдемақыны қалай рәсімдейміз?
Ата-анасынан айырылған балаларға тиісті жәрдемақы алу үшін қандай құжаттар дайындау қажет? Бұған дейін балалар тек асыраушысынан (әкесінің қайтыс болғаны үшін) айырылған ретінде жәрдемақы алып жүрді, өкінішке қарай, қазір балалар аналарынан да айырылып қалды.
Меруерт НАСИРОВА, Алматы
Балалардың бір асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, анасының асырауында болған мүшелерiне тағайындалады. Ал ата-анасының екеуiнен де айырылған балаларға жәрдемақылар олардың заңды өкіліне (асырап алушыға, қамқоршысына) тағайындалып төленедi. Бұл жәрдемақыға құқы бар азаматтар талап етілген құжаттарымен қоса, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына өтініш беруі қажет. Жәрдемақы тағайындау үшін талап етілетін құжаттар: 1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi; 2) тұрақты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжат; 3) зейнетақы мен жәрдемақы беру жөнiндегi уәкiлеттi ұйымдағы банктiк шотының нөмiрi туралы мәлiметтер; 4) асыраушысының қайтыс болғаны туралы куәлiктiң көшiрмесi; 5) қайтыс болған адаммен туыстық қатынастарын растайтын құжаттың көшiрмесi; 6) қамқоршылықты (қорғаншылықты) растайтын құжаттың көшiрмесi; 7) 18 бен 23 жас аралығындағы балаларға күндiзгi оқу бөлiмiнiң оқушылары болып табылатыны туралы оқу орнының анықтамасы.