Атам қазақ нағыз селекционер болған
Бағзы заманда халқымыз мал тұқымын асылдандыруды білген бе?
Тәкен ҚАДІРҚҰЛОВ
Сіздің бұл сауалыңызға Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры Болатхан Махатов былай деп жауап берді: «Жалпы, қазақ бағзы заманнан, қазіргі тілмен айтқанда, селекционер болған. Малға өзіне қажет қасиеттерді сіңіру үшін будандастыру ісін жақсы жолға қойған. Мұны, әсіресе, жылқы мен қойға қатысты болғанын айтқан жөн. Мәселен, жылқыны өнімділігіне емес, төзімділігі мен жүйріктігіне қарай өз малының ішінен сұрыптап отырған. Сондықтан қазақты малшылығына қоса, селекционер деп айтуға әбден болады».
Сондай-ақ мал шаруашылығын зерттеп жүрген ғалымдар мынадай бір қызық дерек айтады: қазақ жылқысы үшін ғасырлар бойы халықтың тәжірибесінен өткен тұқымдар – араб және түрікмен тұқымының асыл тұқымды айғырларын алу үшін ештеңесін аямаған. Мәселен, араб айғыры үшін бай қазақ жүздеген қой, оншақты қазақ жылқысын, ең әдемі күңді, бір құшақ асыл бұйымдарды қуана-қуана бере салатын болған. Сондай-ақ қазақ жылқылары Ресей жылқы шаруашылығының негізін қалады. Ол туралы көрнекті жылқы тарихының маманы Вилькинс: «Барлық жұмысқа жарамды бесаспап қазақ жылқыларын біз назардан тыс қалдырмауымыз керек, сонымен бірге бұлар бүкіл орыс жылқыларының арғы тегі болып табылады» деп жазған. Тарихи деректер бойынша қазақтың тұқымы азайған: арғымақ, қазанат, қарабайыр, қазмойын, сауран сойы, шекті, найман-қарабайыр т.б. жылқыларының аталық жағы араб, түрікмен, Ферғана арғымақтары болды. Қазіргі адай жылқысы да ХVІІІ ғ. бірінші ширегінде адай руларының Маңғыстауға қайта келген кезде түрікмендермен араласудан пайда болған деседі.