Ауруханаларда не себепті видеоға түсіруге болмайды? Денсаулық сақтау министрі түсіндірді
ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауруханаларда бейне түсірілім жүргізуге болатындығы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Медициналық ауруханаларға ұялы телефондарды әкелуге рұқсат етілгенін түсіну өте маңызды. Бұл жерде тыйым жоқ. Екінші жағынан, елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, видео түсіруге тыйым салынады. Мұның себебі неде? Бірінші кезекте науқастардың өздерін қорғауға байланысты», - деді министр.
Цой кейбір науқастардың дәрменсіз күйде болуы мүмкін екенін және түсірілімге қатысуға келіспейтінін, бас тартатынын айта алмауы мүмкін дейді.
«Науқастың рұқсатын сұрамай, оны төсекте жатқан күйінде, жалаңаш күйінде түсіріп алған жағдайлар көп. Көптеген азамат өздерінің аурулары туралы айтқысы келмейді. Азаматтардың жеке кеңістігін қорғауға қатысты этикалық мәселелер көп. Сондықтан видео түсіруге тыйым салынады» , - деп қосты денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның бас дәрігері Айжан Есмағамбетова еліміздегі ауруханаларда видео және фото түсірілімге тыйым салынғанын айтты.