Байлығы бар, бостандығы жоқ миллиардерлер
Миллиардерлердің кейбірінің бас бостандығы жоқ немесе қашып жүр деседі. Дүние-мүлікке бай, бірақ темір тордың ар жағында жүргендер кімдер?
Асхат Ерсайынұлы, Алматы облысы
Әйгілі «Форбс» журналы бас бостандығынан айырылған немесе бой тасалап жүрген 16 миллиардердің тізімін жария етті. Солардың арасында «пара берді және қаржылық қитұрқылықтар жасады» деген айыппен 14 жылға бас бостандығынан айырылған Қытайдың электроника дүкендері желісінің қожайыны Хуан Гуанюй бар. Ресейлік ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы иесі Михаил Ходорковский (оның байлығы – 15 млрд доллар) мен Менатеп банкінің бұрынғы президенті Платон Лебедев (байлығы – 1 млрд доллар) сегіз жылға түрмеге қамалды. Одан басқа италиялық миллиардер, банкротқа ұшыраған Parmalat сүт компаниясының негізін қалаушы Калисто Танци (байлығы – 1,5 млрд доллар) 10 жылын тар қапаста өткізуге мәжбүр болды. Қаржылық пирамиданы құрастырған Аллен Стенфорд келесі жылдан бастап 250 жылға бас бостандығынан айыруға айыпталып отыр. Сонымен қатар америкалық миллиардерлер Генри Николас, Радж Раджаратнамның істері сотта қаралып жатыр. Ал әртүрлі айыптармен айыпталған таиландтық миллиардер Таксин Чинават, мексикалық наркобарон Хоаким Газман Лоэра, түркиялық Узандар отбасы бой тасалап қашып жүрген көрінеді.