Бала қай жастан теледидар көре бастауы керек?
Менің балам небәрі үш-ақ жаста. Соған қарамастан, ол телесериалдарды үзбей көреді. Теледидар қарап отырғанда өзін тіпті ешкімнің мазалағанын қаламайды. Бұл қаншалықты қауіпті құбылыс? Негізі, неше жастан бастап балаларға теледидар қарауға рұқсат ету керек? Сондай-ақ қай жастағы баланың күніне қанша сағат теледидар көруіне болады? Гүлнұр Көлбай, Кентау қаласы
«Балаға ұсынылған бейнелер оны «бала болу» міндетінен айырмаса, онда теледидардан еш қауіп жоқ» деген екен ағылшын психосарапшысы Дональд Винникотт. Бұдан шығар қорытынды, мәселе — баланың экраннан не көретінінде емес, сол көрген нәрсесін ол қалай қабылдайтындығында. Демек, сіздің балаңыз теледидармен достасып үлгерсе, сіз енді оның көрген жайларын дұрыс қабылдауын қадағалауыңыз шарт. Балаңыз әзірге телекейіпкерлердің қимылын ғана қызықтайтын жаста. Кейіпкерге еліктеу әдетте балаларда төрт жастан басталады. Жеті жаста ғана бала теледидардан көргені мен өмірдегіні салыстырып, жігін ажырата алады. Ал нені көріп, қай кезде үзіліс жасау керектігін бала 10-11 жасында айыра бастайды. Осыны есепке ала отырып, балаға тек төрт жастан бастап экран алдында отыруға рұқсат беруге болады. 4-10 жас аралығында бала шамамен күніне — 2,5 сағат, 11-14 жаста — үш сағат толық, 15 жастан ары оның төрт сағаттан артық қарауына болады. Жаңалықтарды 10 жасқа жетпеген баланың еркін көруінен абай болу керек, себебі онда қайғылы жағдайлар да орын алып жатады. Ал егер кенеттен көріп қалса, онда балаңыздың иығынан құшақтап, оның қорғаны екеніңізді білдіріңіз.