Баллада – оқиғаны баяндайтын ән
Баллада өлеңнің бір түрі екені белгілі. Әннің кейбір түрлерін баллада деп атайтынын естідім. Оған қандай әндер жатады?
Жазира САУРАНБАЕВА, Тараз қаласы
Баллада – белгілі бір оқиғаны баяндайтын халық әндерінің бір формасы. Әннің бұл түрі орта ғасырларда пайда болған. Қандай да бір оқиғаны дәл жеткізетін баллада диалог түрінде де болады. Кейбір балладалар музыкалық сүйемелдеусіз-ақ айтылады. Яғни балладаны орындауда әуеннен қарағанда мәтінге көбірек көңіл бөлінеді. Әр елдің балладаларында бір-бірінен аздаған айырмашылықтары бар және тіпті атаулары да өзгеше. Айталық, Францияда баллада деп аталса, Италияда «балла-та», Испанияда романс, Ресейде былина деп аталады. Балладаны жазба әдебиет дамымай тұрған уақыттағы біздің жырларымыздың баламасы десек болғандай. Америкада баллада бірнеше топқа бөлінеді. Олардың бірі – тамырын Британиядан алатын осыдан алты-жеті ғасыр бұрынғы дәстүрлі баллада. Бұлар ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі уақытқа дейін бірнеше нұсқасы жеткен. Балладалардың екінші бір тобы – бастауын Англиядан алатын XVII-XIX ғасырларда пайда болған плакатты балладалар. Мұндай балладалар белгілі бір жаңалықтарға байланысты плакаттарға жазылып, халыққа сатылатын болған. Ал қазақ балладасын алғаш рет көркемдік деңгейде жырлаған – ақын Саттар Ерубаев.