Болашақ біз күткендей жарқын ба?
Адамзат баласының өткен тарихына көз жүгіртсек, ұдайы ғылыми-техникалық жағынан дамып, өркениеті өркендеу үстінде келе жатқандай көрінеді. Шындығында олай емес екен. Біз қазір өзімізге белгілі бес-он мың жылдықтағы оқиғаларға ғана назар аударып, осылай қорытынды жасай аламыз. Ал миллиондаған, миллиардтаған жылдық тарихқа ой жүгіртсек, адам атты екі аяқты саналы пенденің жер бетінен мүлдем жойылып кетіп, қайта пайда болған кездерінің аз еместігін бағамдауға болады.
Ақырзаман аңыз емес
Жер бетін топан су қаптап, адамдардың түгел суға кеткені жайлы аңыз әңгімелер барлық дерлік халықтарда бар. Осындай апатта Алланың әмірімен өз отбасын және барша аңдар мен құстарды, жануарларды кемеге салып алып, суға батпаған биік таудың басына апарып құтқарған пайғамбар немесе әулие туралы аңыз әңгімелер көп ұлттарда кездеседі. Бұндай аңыз қазақтарда да бар. Қазақ аңызы бойынша адамзат пен жан-жануарды құтқарған Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының басына келіп тоқтапты дейді.
Ежелгі грек ойшылы Платонның су ортасындағы үлкен аралда тірлік кешкен өркениеті биік деңгейге жеткен Атлантида туралы жазбалары сақталған. Атланттар тіпті, қазіргі адамзат баласы жеткен өркениеттен де биік деңгейге көтерілген сияқты. Дегенмен, сондай биікке жеткен атланттардың мекені бір түнде су астына кетіп, халқы опат болады.
Қасиетті Құранда Алланың әміріне бағынбай, теріс жолға түскен Нұх, Лұт, Әйүп пайғамбарлардың үмбеттерінің Жаратқанның әмірімен түгел опат болғандары жайлы аңыз әңгімелер бар. Осы аңыздарға қарап, адамзат баласы даму тарихында ақырзаман деп аталатын сойқан апаттарды басынан талай мәрте өткергендігін бағамдауға болады.
Бүгінгі өркениеттің болашағы қандай?
1968 жылы Италияда құрылған «Римдік клуб» деп аталатын ұйым табиғаттың тепе-теңдігін, адам мен табиғаттың ара қатынасының теңдігін сақтау мәселесімен айналысуды мақсат еткен. Бұл клубқа адамзаттың жазушысы атанған Шыңғыс Айтматов, академик Капица, саясаткер КСРО-ның соңғ ыпрезиденті Горбачев сияқты танымал тұлғалардың мүше болуы оның әлемдегі орны мен салмағын айқындайтын болса керек.
Міне, осы ұйым компьютерлік абғдарлама арқылы адамзат дамуының 12 түрлі нұсқасын жасапты. Онда адамзаттың 2100 жылға дейінгі даму жағдайы қарастырылған. Осы компьютерлік сараптамаға сенетін болсақ, егер адамдар осылай дамый берген жағдайда 2100 жылға қарай адамдардың саны 10 млрд-қа жетіп, жердің табиғи ресурстары сарқылмақ, содан кейін аштық, ауру түріндегі апаттар орын алып, адамзат баласы түгел жойылып кету қатері бар.
Римдік клуб жасаған 12 даму нұсқасының 10-ы адамзаттың жойылып кететіндігін айқындаса, екеуі одан әрі даму мүмкіндігінің барлығын растайды. Сараптама бойынша егер адамдар бала туу мөлшерін реттеп, яғни әр отбасында екі баладан артық бала болмайды деген қағида сақталатын болса, қоршаған орта тазалығын қорғауға жете көңіл бөлінсе және ең бастысы, күн, жел қуаты сияқты балаламалы қуат көздерін пайдалану жолға қойылса, сонда ғана адамзаттың жойылмай, ары қарай өркениет жолымен дамуына мүмкіндік бар екен.
Жердің табиғи ресурсы шектеусіз бе?
Римдік клуб өкілдерінің пайымынша, қазір адамдар табиғат байлығын еш ретсіз пайдалануда. Бұндай жағдайда алдағы 20-30 жылда табиғат ресурстары сарқылмақ. Егер адамдардың өсу қарқыны осылай жалғасса, ол кезде аштық пен эпидемиының салдарынан адамзаттың жойылу қаупі күшейе түседі.
Мәселен, феодалдық қоғамда адамдар жерді өгіз немесе ат жеккен соқамен жыртып, егін екті және сондай қарабайыр тәсілмен еккен егін адамдарға толық жетті. Өйткені ол кезде адам саны өте аз болды. Адамдардың өспеуіне өзара қырқыс соғыстар, түрлі жұқпалы дерттер, табиғат апаттары әсерін тигізіп отырды.
Міне, соңғы жарты ғасырдан астам уақытта адамдар соғыссыз бейбіт өмір кешуде. Медицинаның шарықтап дамуы бұрын емі жоқ саналатын көп ауруларды емдеуге мүмкіндік жасады. Осыған орай, адамдардың өмір сүру жасы ұзара түсті. Батыс елдерінде бұл 70-80 және одан да жоғары. Осының салдарынан адам саны соңғы ғасырда еселеп өсті. Қазір жер бетінде 7,5 млрд адам бар.
Азық-түліктің, ауызсудың тапшылығы қазір біраз елдерде анық сезіле бастады. Бұл уақыт өткен сайын күшейе бермек дейді жоғарыда аталған клуб өкілдері. Ал мұнай, газ сияқты табиғат ресурстары сарқылған кезде адамзат үшін нағыз үлкен апат орын алмақ. Ондай апат уақыт өткен сайын жақындай түсуде. Дегенмен, адамдар одан қаперсіз.
Римдік клуб, басқа да бірқатар аса бақуатты адамдар мен саясаткерлер, қаржыгерлердің ұйымдары осы орайда, адам санын қысқартау, табиғат ресурстарын сақтау жөнінде түрлі шаралар жасап жатқаны туралы интернетте ақпараттар бар. Бұл туралы блогымызда таяу арада толық жазатын боламыз. Блогымыздағы жаңалықтарды жіберіп алмаңыз.