Дәрігерлер екінші баланың толғағы ащы болуының сырын ашты
Бірінші баланы босанғаннан кейін әйел адамдар өздерін бәріне дайын сезінеді. Алайда шын мәнісінде екінші баланың толғағы ащы болады екен. Дәрігерлер бұл құбылыстың сырын ашты деп жазады "Твой малыш" сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Бір қарағанда әйел адамның ағзасы босануға бейімделіп, бұрынғы күйді "есіне түсіруге" тиіс. Ендеше неліктен екінші рет босану қиынға соғады?
Мамандардың айтуынша, екінші баланы босанған кезде жатыр мойыншығы жылдам ашылады. Себебі әйел адамның өсіп-өну жүйесінің жадында босану кездегі процестер сақталып қалған. Бастапқыда жатыр мойыншығының ашылуы сезілмейді, ал содан кейін әйел адам өзін қоярға жер таппай қатты қиналады.
Бірінші рет босанған кезде толғақ біртіндеп күшейсе, екіншіде толғақ кенеттен қысады.
Дегенмен екінші рет босанғанда ащы толғақ уақыты да қысқа болып, әдетте әйел адамдар тез босанады екен.
Екінші рет босанған әйелдер сонымен қатар жатыр тартылған кезде де ауырсыну сезімі пайда болатынына шағымданады.
Бұл нәрестенің үлкен болуына және емізу кезінде тартылуға бейімделген жатыр бұлшықеттерінің сезімталдығына байланысты.
Толғақ қанша ащы болғанмен, сәбиді қолыңа алған сәтте мұның бәрі ұмытылып кетеді.