Домбыраны нотасыз үйренуге бола ма?
Мен баламды домбыра үйірмесіне берсем деп едім. Соңғы уақытта домбыраны нотасыз да үйренуге болады деген жаңалықты құлағым шалып қалды. Осы туралы толығырақ ақпарат берсеңіздер.
Орал Бекқызы, Алматы облысы
Домбыраны нотасыз үйрету туралы жаңа бағдарлама жасап, оны қолданысқа енгізу туралы бастама көтеріп жүрген «Көкіл» колледжінің директоры Абдулхамит Райымбергенов мырза. Сіздің сауалыңызға орай біз автормен тілдескен едік. Оның айтуынша, «Мұрагер» деп аталатын бағдарлама қазақ халқының дәстүріне сүйене отырып жасалған.
– Бағдарлама осыдан 25 жыл бұрын қолға алынып, содан бері дамытылып, жетілдіріле түсуде. Домбыра – қазақ халқының ұлттық ерекшелігін көрсететін аспап. Осы орайда осы аспапта ойнауды үйрену балаларға оңай болу үшін оны нотасыз, ауызша үйреткен жөн деп таптық. Бұл бағдарлама бойынша бір мезетте бірден 700 балаға бір күйді үйретуге болады. Сонымен қатар біз баланың жасына байланысты кітаптан бөлек қызықты әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы сабақтар өтеміз, – дейді белгілі домбырашы Абдулхамит Райымбергенов. Бағдарламаның авторларының бірі Ұлжан Байбосынова келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде 61 қазақ орта мектебінде 8000-нан астам оқушы осы бағдарлама бойынша білім алады екен. Мамандар «Мұрагер» бағдарламасы ұлттық ерекшелігімізді айғақтайтын басты құрал ретінде халыққа кеңінен таралып, музыка пәні бойынша негізгі стандартқа енсе, құба-құп болар еді деген ойда.