Джип қалай шыққан?
Соңғы жылдары екінің бірі джип мінетін болды. Осы атау қайдан шыққан?
Талап Қонысов
Иә, жер бетінде ең танымал көлік джип екені дау тудырмайды. Ал сіз оның бастапқыда тек әскерилерді тасымалдағанын білесіз бе? «Жалпы бағыттағы көліктің» ағылшынша атауы – general purpose vehicle. Байқасақ, алғашқы екі сөзден осы джип деген аты шыққан.
Америкалық әскерді жолсыз жерлермен алып жүру үшін әмбебап автокөлік қажеттігі туындаған. Сондықтан «Бэнтэм» компаниясы Детройттан Карл Пробсты жұмысқа шақырады. Алайда Пробстың жобасы қолды болып, «Виллис Оверленд» және «Форд» компанияларына өтіп кетті. Осылайша виллистік «Квод» және фордтық «Пигми» автокөліктері тұңғыш әскери джиптер болды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, осы мәшинелер АҚШ әскеріне және оның одақтастарына көптеп жеткізілді. Сол кезде бас-аяғы 700-ге жуық джип шығарылған.
1945 жылдан бастап «Виллис» компаниясы азаматтық джиптерді шығаруды бастады. Олардың жылдамдығы сағатына 100 шақырымға жететін. 1949 жылы компания қуаты 75 аттың күшіне тең, 7 жолаушыны сыйғызатын жаңа модельді шығарды. Джип өндірісінің қарқынды дамуына тура осы модель түрткі болған көрінеді.