Экологиялық апатты аймақта тұрғандарға қандай көмек көрсетіледі?
Мен Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келіп, сонда орта білім алдым. Қазалы ауданына тұрмысқа шығып, сонда тұрып жатырмын. 2000 жылдан бастап жолсерік болып жұмыс атқарудамын. Осы экологиялық апатты аймақта тұруыма байланысты қосымша ақы алуым керек пе?
Ажар ІЗТІЛЕУҚЫЗЫ, Қызылорда облысы
1992 жылғы 30 маусымдағы ҚР «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 13-бабына сәйкес экологиялық қасірет аймағында тұратын халыққа экологиялық жағынан қолайсыз жағдайда тұрғаны үшін: экологиялық апат аймағы бойынша – 1,5; экологиялық дағдарыс аймағы бойынша – 1,3; экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ бойынша – 1,2 коэффициентті қолдана отырып, еңбекке ақы, стипендия төлеу белгіленеді. Осы коэффициенттер қызметкердің лауазымдық жалақысына қолданылады. Заңның 3,4,5-баптарына сәйкес экологиялық апат аймағына Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарының, Ақтөбе облысының Шалқар ауданының аумақтары кiредi; экологиялық дағдарыс аймағына Қызылорда облысы аудандарының аумақтары, Қызылорда қаласы және әкiмшiлiк-аумақтық бағынысына кiретiн елдi мекендердi қоса алғанда, Байқоңыр қаласы кiредi; экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Темiр аудандарының Оңтүстiк Қазақстан облысының Арыс, Отырар, Созақ, Шардара аудандарының және Түркiстан қаласының, сондай-ақ Қарағанды облысының Ұлытау ауданының аумақтары кiредi.