Елдегі индустрияландыру нәтижелері қандай?
Еліміздегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижелері қандай? Қанша жаңа өндіріс орындары ашылды?
Алмас Ардақжанов, Алматы облысы
Индустрияландыру бағдарламасы іске асырыла бастаған 2,5 жылдың ішінде елімізде 443 жаңа өндіріс ашылып, солардың арқасында экономиканың құрылымы өзгере бастады. Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнімдер шығарылуда, Индустрияландыру картасының 443 өндірісі жұмыс істеп жатыр. Жаңа индустрияландыру үрдісі өнеркәсіптің базалық салаларының өсуіне жағдай жасады. Атап айтқанда, машина жасау саласында жалпы қосымша құны 169,4 пайызды құрады, өндіріс көлемі 300 млрд теңгеден 500 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал химия саласында өндіріс көлемі 1/3 өсті, жоғары үлесті өнімдердің экспорты 2010 жылғы деңгейден 2 есеге артты. Құрылыс индустриясында жалпы қосымша құны 160 пайыздан асты, жоғары технологиялық өнімдердің экспорты 58 пайызға артты. Оған қоса, өңдеу өнеркәсібіндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 2015 жылға жоспарланған көрсеткіштен асып, 70 пайыздан астамды құрап отыр. Индустрияландыру үрдісінің ұлттық экономикаға оң әсер етіп отырғанын айта кету керек. Өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 1/3 өсіп отыр. Оған қоса, 300-ден астам инновациялық жоба мемлекеттік қолдауға ие болды – жоғары технологиялар енгізілуде, жаңа материалдар өндірілуде. Жаңа бизнесті ынталандыру индустрияландыру үрдісінің сапалық көрсеткіші болып табылады. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың 100 шақты тетігі әзірленген, 1500 кәсіпорын шикізаттық емес экспортты қолдау бағдарламасына қатысып отыр. Өңделген өнімдер экспортының көлемі 22 млн доллардан асты.