«Ешкі тұмауы» қай тұмау?
Бірнеше жыл бұрын әлемді дүр сілкіндірген құс тұмауы қазір сап тыйылғандай. Есесіне шошқа тұмауы деген шығып, қырып барады. Енді құс та, шошқа да қалып, «ешкі тұмауы» деген індет жиі айтыла бастады. Бұл не? Тұмаудың түрлері де сәнге айналып кеткен бе? Ермек Қауменов, зейнеткер
Иә, өткен аптада халықаралық ақпарат агенттіктері «ешкі тұмауы» атты жаңа вирусты инфекцияның тарала бастағанын хабарлаған еді. Індеттің ошағы делінген Нидерландыда 2500-ден астам адамның ауруға шалдыққаны айтылды. Алайда Ресей Федерациясының Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі мемлекеттік комитеті дүниежүзінде алғаш болып, тұмаудың бұл жаңа түрі туралы ақпаратты жоққа шығарды. РФ бас мемлекеттік санитары Геннадий Онищенконың мәліметінше, ешкі малынан тарайтын безгектің түрі медицина тілінде «ку-лихорадка» деп аталады. Оның тұмау мен өткір респираторлық вирустық ауруларға қатысы жоқ.