Фейсфитнес деген не?
Фейсфитнес пластикалық отаны алмастыра ала ма? Фейсфитнес деген не? Біз қабағымызды түйеміз, нәтижесінде қасымыздың арасына әжім түседі. Көп күлгеннен ерініміздің айналасын әжім торлауы мүмкін. Бұл жағдайда не істемек керек? Пластикалық отаның орнын алмастыра алады деген фейсфитнестің көмегі тие ме? Сұлулығымызды мәңгілік сақтай аламыз ба? Жауабын бірге іздеп көрелік.
Фейсфитнес дегеніміз не және оны кім ойлап тапты?
Фейсфитнес дегеніміз бетке арналған гимнастика. Оны кім, қашан ойлап тапқаны белгісіз. Бетке арналған гимнастиканың авторлары өте көп. Бәлкім бұл тәсілді мамандар бір уақытта ойлап тапқан болар. Ең алғашқылардың бірі болып өткен ғасырда өмір сүрген пластикалық ота жасайтын хирург Рейнхольд Бенц туралы жиі айтылады. Ол балет қойылымын тамашалағаннан кейін бетке арналған жаттығулар бағдарламасын жасаған. Оның бұндай бағдарлама жасауына сымбаты келіскен балеринаның әжімге толы беті әсер еткен.
Алайда бетке арналған жаттығулардың толыққанды әдістемесін америкалық косметолог Кэрол Маджио өзінің «Бет терісіне арналған аэробика» атты кітабында сипаттаған.
Біздің бетімізде күн сайын 15 мың рет қозғалатын 57 бұлшық ет бар. Күлу, эмоцияға ерік беру адамға тән қасиет. Бірақ соның салдарынан әжім түсетіні тағы бар.
Бүгінгі таңда фейсфитнесті «жаңа заманның спорты» деп атайды. Денеміз сияқты бетіміз де жас ұлғайған сайын қартая бастайды. Егер бет терісіне күнделікті күтім жасайтын болсақ, қартаю процессінің уақытын қысқартуға болады.
Фейсфитнестің қандай пайдасы бар?
Біздің бетімізде мыңдаған капиллярлар бар, егер бұлшықеттер қысылып, қысқаратын болса, онда бұл капиллярлар қысылып, жеткілікті мөлшерде нәр ала алмайды. Ауа-райының қолайсыздығы, жел, күн, ластанған ауа – барлығы теріміз үшін зиян. Оған қоса , салауатты өмір салтын ұстанбауымыз, дұрыс тамақтанбауымыз, ұйқысыздық тағы бар.
Фейсфитнестің арқасында тері оттегіге қанығады. Тері жаңарып, жасушалық зат алмасуының белсенділігі артады. Бет терісінде ісіну мен терінің салбырауы жиі кездеседі. Бұл дұрыс тамақтанбаудан, жас ерекшелігіне байланысты терідегі өзгерістен, ұйқының қанбауынан болады. Бұл денедегі қан айналымын өзгертеді, сол себепті бет терісіне бірден әсер етеді. Фейсфитнес тоқтап қалған лимфаның жұмысын жақсартады. Бетіңіз бірнеше жаттығудан кейін-ақ жасарып, тартылып, көзіңіз үлкейе түседі.
Фейсфитнес тренерінен кеңес
Бетіңіздегі әжімді косметика да жасыра алмауы мүмкін. Жаттығу арқылы қалыпқа келген бет терісі ұзақ уақыт тартымдылығын жоғалтпайды. Осы орайда елімізде жас сала бойынша жұмыс істеп жүрген фейсфитнес тренері Толқын Маратқызы @facefitness.kaz қартаю процессі туралы пікір білдірген еді.
Біреулер үшін қартаю, ол әжімдердің түсуі, біреулер үшін бет терісінің салбырауы, енді бірі үшін беттегі қатпарлар болуы мүмкін. Бірақ бұл өзгерістердің барлығынының негізгі себебі – ол сүйек ұлпасының құрғауы!
Сүйектер жас келе кішірейе береді, бұл сүйек ұлпасының резорбциясы (сіңіруі) деп аталады. Айта кететін жайт, қыздарда сүйек 22 жасқа дейін, ал ұлдарда 25 жасқа дейін өседі, содан кейін сүйек массасы кішірейеді. Бұл процесс кей адамдарда баяу, ал бірінде жылдам болуы мүмкін. Мұның барлығы бірнеше факторларға тәуелді.
Бұрында әйелдерде сүйек ұлпасы етеккір үзілісі (яғни гормондық өзгерістерден) кейін кебеді деп есептелген, ал қазіргі таңдағы мәселе остеопороз (сүйіктің кеуектенуі), тіпті жастардың арасында да кең тараған, ювенальный остеопороз (балаларда сүйектің кеуектенуі) кездеседі, яғни жасөспірімдердің сүйектерінің кебуі.
Жасөспірімдер сүйектерінің тығыз болуы үшін қор жинамайды, дұрыс тамақ ішпейді. Ал оны тек 22-25 жасқа дейін ғана жинай алады. Бұл немен байланысты? Бет пен дененің құрылысын қалыпта ұстаудың ең басты себебі – дұрыс тамақтану. Егер организмде биохимиялық құрам жеткіліксіз болса, ең жақсы әдістер, ең күшті техникалар, ең керемет құралдар көмектеспейді, жұмыс істемейді.
Фейсфитнеспен қанша уақыт айналысқан жөн?
Бетке арналған жаттығуларды жасаудың белгілі бір уақыты жоқ. Кейбір мамандар аптасына 2-3 рет жасау жеткілікті десе, енді біреулері күнделікті жасап отыру нәтижелі келеді деп сендіреді. Дегенмен бұл жерде адамның ниеті мен көңіл-күйіне байланысты. Жаттығулардың техникасын дұрыс қолдана білсеңіз, ешқандай қарсы көрсетілімі жоқ.
Фейсфитнестің бет терісіне арналған массаждан қандай артықшылығы бар?
Кейбір косметолог мамандар фейсфитнеске сенімсіздікпен қарайды. Өйткені фейсфитнестің ғылыми базасы қалыптаспаған және әсері де дәлелденбеген. Алайда, фейсфитнестің кейбір жаттығулары массаж техникасынан алынған. Сол себепті дұрыс жасай білсеңіз пайдасы зор.