Флай леди — тұрмыстық құлдықтан құтылу
«Флай леди» жүйесі – жұмысбасты қыз-келіншектер үшін үй шаруасын жүргізудің тиімді тәсілі. Жүйеге үйреніп алсаңыз, үйіңіз әрдайым таза, қолыңыз бос, көңіл-күйіңіз көтеріңкі болады.
Қазіргі әйелдердің қоғамдағы орны мен үйдегі міндеті өзінің тілеп алған «бағы». Үй шаруасы қамытымен қоса, қоғамдық проблемаларды (кейде тіпті, ұлт проблемасы да бар) шешу міндетін іліп алдық. Күні бойы жұмыстағы стресс, қарбалас тірлік, кешке үйге келіп ас әзірлеу, балалардың сабағын бақылау, ата-ененің «рухани мәжілісіне» қатысу, үйді, ыдыс-аяқты ретке келтіру, балаларды ұйықтату, олардың киім-кешегін дайындау, шаршадыңыз ба? асықпаңыз, әлі жұбайыңыздың алдындағы міндетіңіз бар. Аптаның жұмыс күндері ойлайсыз ғой, демалыста ұйқымды қандырамын, демаламын деп)) Демалыс күндері қуанышыңызға орай қонақтар келмейтін болса, үй шаруасы күнделікті нормадан екі-үш есе ғана артады. Сенбі күні көптеген келіншектерге демалыс емес, үй жинау («генуборка») ассоциациясын тудырады. Демалыс, өзіңізді дамыту, көңіл көтеру, отбасыға көңіл бөлу әр демалыс сайын шегеріліп, ауылы алыстай береді… Не істемек керек?
Америкалық ару Марла Силли ойлап шығарған «флай леди» (ағ. «fly lady» — «ұшқыш әйел») үй тазалығы жүйесі уақытын қадірлей білетін талай қыз-келіншектерге пайдасын тигізіп үлгерген. Бұл жүйенің негізгі принципі — демалыс күндерін шынымен демалуға арнау.
Бұл үшін:
— демалыс күнін толығымен үй шаруасына сарп етпей, тазалау жұмыстарын апта бойы біртіндеп кесте бойынша жүргізу қажет.
— үйді 5 зонаға бөліңіз: мысалы, 1. асүй 2. ванна бөлмесі және кіре беріс 3. жатын бөлме 4. балалар бөлмесі 5. қонақ бөлме. Дүйсенбі мен жұма күндері аралығында күн сайын бір зонаны мұқият тазалап шығамыз. Бұл үшін 15 минуттан артық уақыт жұмсаңыз. Таймер орнатып қойыңыз да, аталған уақыттан бір минут та асырмаңыз. Бұл мүмкін емес сияқты көрінеді, алайда таймерді белгілеп қою ширақ қозғалып, уақытты мейлінше тиімді пайдалануға үйретеді.
— бақылау журналын жүргізіңіз. Мұнда алдағы аптаға және ағымдағы айға арналған үй шаруасы кестесін, қажетті азық-түлік тізімін жасаңыз.
— үй ластанған кезде емес, тұрақты түрде тазаланып тұрады. Ыдыс ас ішілгеннен кейін дереу жуылуы қажет. Қолданылған затты дереу орнына қойып үйреніңіз.
— үйде басы артық зат жинамаңыз. Бұдан әрі қолданылмайтын зат бекер шаң басып жатқанша, мұқтаж жандарға берілгені жөн.
— кіре берістегі тумба, кабинет бөлмесіндегі стол сияқты оңай шашылатын орындарды ұдайы қадағалап отырыңыз.
Сонымен бір апталық үй жинау кестесі шамамен мынадай болмақ:
Дүйсенбі: асүй
Шкафтардың іші-сыртын, сөрелерін сүртіп шығыңыз. Духовканы, плитаны және раковинаны да ұмытпаңыз. Сондай-ақ үстел мен орындықтар, есік-терезе назардан тыс қалмауы керек.
Сейсенбі: ванна бөлмесі және кіре беріс
Алдымен ванна эмаліне, раковинаға тазалағыш құралды сеуіп қоямыз. Одан кейін кафельге арналған құралды ванна қабырғаларына бүркіп, шүберекпен сүртіп шығыңыз. Бұдан соң, никельді беттерді: кранды, шкаф тұтқаларын, душ тірегін де тазалаңыз. Ең соңында айнаны, сөрелерді, кір жуғыш машинаны, сөрелерді және еденді сүртіңіз. Ал кіре беріс бөлмесінде ең алдымен есік алдындағы шкафты реттеп шығу қажет. Ешкім кимейтін киімді алып тастаңыз, маусымдық киімдерді бөлек жинап қойыңыз. Үйдің есігін ішкі-сыртқы жағынан сүртіп, кілемшені қағыңыз да, еденді жуып шығыңыз. Бұл бөлмелерді жинау көп уақыт алмауы үшін үй ішіндегілер де тазалық сақтай білуі қажет: жуынып болғаннан кейін раковина мен душ кафелін тазалауға, аяқ-киімді сүртіп, шкафқа жинап тұруға міндеттеңіз.
Сәрсенбі: жатын бөлме
Жатын бөлмедегі заттарды орындарына қойып, кілемді шаңсорғышпен тазалаңыз. Шаңды мұқият сүртіңіз, лак жағылған жиһаз беттерін арнайы құралдың көмегімен жалтыратып шығыңыз. Соңында әдеттегідей еденді сүртіп шығыңыз (кілемнің және керуеттің астын қоса). Жатын бөлме тазалығын сақтау оңай болуы үшін киімдерді креслоға лақтыра салу әдетінен арылып, бірден шкафқа жинап қойыңыз. Сондай-ақ антистатикалық әсерлі тазалау құралдары шаңның азырақ жиналуына көмектеседі.
Бейсенбі: балалар бөлмесі
Бейсенбі күні балалар бөлмесін осы сияқты жинап шығыңыз. Сонымен қатар үйдегі гүлдерді суаруға, кір машинасымен киімдерді жууға және балкон еденін сүртуге болады.
Жұма: қонақ бөлме
Аптаның соңғы жұмыс күнінде қонақ бөлмедегі барлық жиһаздарды, есік-терезені сүртіп, кілемді шаңсорғышпен тазалаңыз. Соңында еденді толығымен жуып шығыңыз. Егер мұны азсынсаңыз, асүй мен кіре берістегі еденді жуып, сантехниканы және айналарды сүртіңіз.
Сенбі, жексенбі — демалыс!
Бұл екі демалыс күні тынығып, хоббимен айналысуға және дәмді тағамдар дайындауға уақыт табасыз. Балаларыңызбен табиғатқа шығып серуендеңіз, мәдени орындарға барып қайтыңыз, кітап оқыңыз. Демалыс күні де жуылған киімді үтіктеу, аяқ-киімді мұқият тазалау және жөндеу сияқты ұсақ-түйек шаруалармен айналыса аласыз. Сондай-ақ үйді жеңіл-желпі жинастырып шығуға бір сағаттан аспайтын уақыт бөлсеңіз болады: үйдегі көрінетін жерлердің шаңын сүртіп, кілемдерді шаңсорғышпен тазалаңыз да, барлық бөлмелердегі ашық едендерді (яғни кілемдерді жинамай) жуып шығыңыз.