Гепатит жайлы не білген жөн?
Гепатит — бауырдың қабынуы. Оның: A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Бәрінен қауіптісі - Е гепатиті. Оны ерте анықтау қиын. Сырқаттардың 90 пайызы - өткір гепатитке шалдығады: мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді.
Алайда, емделіп шыққан пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі - сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушылардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында вирусты гепатит салдарынан туындаған өткір инфекциялар, цирроз сынды бауыр аурулары 890 мың адамның өмірін қиды. 2013 жылы бұл көрсеткіш 1,45 миллионға жетті. Мұның бәрі гепатитті қауіпті дерт ретінде мойындамаудан, көпшіліктің бұл ауру жайлы көп біле бермеуінен дейді мамандар. Әлемдік статистикаға сүйенсек, дүниежүзінде 250 миллионнан астам адам В гепатиті вирусын жұқтырған болса, тағы 71 миллион адам С гепатитімен ауырады. Сарыаурудан болатын өлім-жітімнің 96 пайызына гепатиттің дәл осы екі түрі себепкер. 2017 жылы Қазақстанда 70 мыңға жуық адам гепатит жұқтырған, оның 5 147-сі ауруды жаңадан жұқтырғандар.
Таралу жолдары
А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. Бірақ бұл ауруды нашақорлар немесе тәнін саудалайтын түнгі көбелектер ғана жұқтыруы мүмкін деген сөз емес. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Тазалық сақтаған жағдайда вирус тұрмыстық жолмен таралмайды. В гепатиті анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал.
ImperialCollegeLondon және UniversityofWashington ғалымдары вирусты гепатиттің өлім-жітім жағынан малярия, ВИЧ, СПИД пен туберкулезден кем түспейтінін дәлелдеді. Ғалымдар 1990-2013 жылдар аралығында, яғни 23 жыл бойы әлемнің 183 елінен мәлімет жинақтаған. Осы уақыт ішінде бауыр ауруынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 63 пайызға өскен. 1982 жылдан бастап дүние жүзінде В гепатитіне қарсы 1 миллиард доза вакцина салынған. Соған қарамастан одан болатын өлім саны азаймай отыр.
Ал, туберкулез, ВИЧ пен СПИД-тен болатын өлім-жітім зерттеу жұмыстарына жұмсалған инвестиция мен күштің арқасында азайып келеді. 2013 жылы әлем бойынша СПИД-тен 1,3 млн, туберкулезден 1,4 млн, маляриядан - 855 мың адам көз жұмған. 2000-2016 жылдар аралығында ВИЧ індетін жаңадан жұқтырғандар саны 39 пайызға, одан болатын өлім-жітім де едәуір қысқарған. Ал, гепатиттен 2013 жылы 145 млн адам көз жұмыпты. Гепатиттің қаһары қайтпауының бір себебі - қаржының тиісінше бөлінбеуі, дейді мамандар.
Сақтықта қорлық жоқ
Жалпы, бұл аурудың тырнағына кез-келген адам ілігуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы бақуатты, дамыған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісінше, вирусты тез қабылдауы мүмкін. Сондықтан "сақтықта қорлық жоғын" естен шығармаған жөн. Ол үшін қауіпсіздіктің қарапайым ғана ережелерін есте сақтаңыз. Әйелдер маникюр жасағанда өз жиынтығын пайдаланғаны дұрыс немесе құралдарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алыңыз. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез-келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған дұрыс. Бірақ кейде гепатит адами факторға қатысы жоқ беймәлім жағдайларда да таралуы әбден мүмкін. Оған 1988 жылы азық-түлік пен ауыз судың ластануы салдарынан 300 мың адам сарыауру жұқтырған Шанхай оқиғасын мысалға келтіруге болады. Дегенмен сақтықты көпшілік жиналатын орындардан, науқастардан іргені аулақ салу деп түсінбеген жөн. Шын мәнінде, В гепатиті бассейн арқылы, сүйіскенде немесе құшақтасқанда, сондай-ақ, ортақ ыдыс-аяқ арқылы жұқпайды.
Вакцина аурудың алдын алуға көмектеседі
Вакцина мәселесінде жұртшылықтың пікірі екіге жарылғаны белгілі. Екпеге қарсылық білдіріп жүргендер олардың құрамында балаларды аутизм, диабет, склероз, бедеулік сынды ауруларға шалдықтырып, зейін қою қабілетін төмендететінін заттар барын алға тартады. Алайда, ДДСҰ мәліметінше, дәл осы иммундау шарасы жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Вакцина организмнің қорғаныс жүйесін белгілі бір аурудан немесе инфекциядан қорғауға жұмылдырады. Иммундау халық денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпе егу шарасын денсаулыққа салынатын тиімді инвестиция деп таныды.
Қазақстанда жаппай екпе егу нәтижесінде соңғы 25 жылда В гепатитімен ауырғандар балалар саны 1234,5 есе, ересектер арасында аурудың таралу көрсеткіші 311,5 есе азайған.
Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар. Өкінішке орай, олардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі. Ал, С гепатитіне қарсы тиімді вакцина әзірге жасалған жоқ.
«Бүгінгі таңда гепатиттен қорғанудың ең тиімді жолы - екпе салдыру, — дейді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов. — Мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті арқылы азаматтарға қауіпті аурулардың, соның ішінде, гепатиттің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.
Әр адам гигиена талаптарын сақтап, дұрыс тамақтанса, зиянды әдеттерден бас тартып, спортпен айналысса, аурудың алдын алу мақсатында дәрігерге уақтылы қаралып, тиісті вакциналарды салдырып тұрса болашақта ұлт денсаулығы жақсара түсетініне сенімдімін».
Ендеше, ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеуге асығайық.