ІІІ топ мүгедектеріне қандай жеңілдіктер бар?
Мен – бала кезімнен ІІІ топтағы мүгедекпін, жұбайым да – ІІІ топтағы еңбек мүгедегі, өсіріп отырған үш баламыз бар. Менің сұрайын дегенім: 1. Мені 2008 жылдан жұмыс істеп келе жатқан мекемеден таяуда қысқарту бойынша жұмыстан босатты. Мүгедекті жұмыстан қысқарту дұрыс па? 2. Менің бір көзім жоқ. Ал жасанды көзді жылына екі рет ауыстыру керек. Бір жасанды көз 25 мың теңге тұрады. Маған мемлекет тарапынан көмек бола ма? 3. Кезекпен мемлекет тарапынан берілген пәтерді жекешелендіру кезі келді. І-ІІ топ мүгедектері тегін жекешелендіреді екен. ІІІ топ мүгедектеріне қандай жеңілдік бар?
Марат АҚСҰҢҚАРОВ, Ақмола облысы
1. 2007 жылғы 15 мамырдағы №251 ҚР ЕК-нің 222-бабына сәйкес, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысы бойынша денсаулық жағдайы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтіретін не оның денсаулығына және басқа адамдар еңбегінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, мүгедектік себептері бойынша еңбек шартын жасасудан бас тартуға, мүгедекті басқа жұмысқа ауыстыруға, еңбек жағдайларын өзгертуге тыйым салынады.
2. Мүгедектер протездік-ортопедиялық көмекпен «Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы» ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі №754 қаулысына сәйкес қамтамасыз етіледі, бірақ мүгедектерге берiлетiн техникалық құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру құралдарының тiзбесiнде көз протезі қарастырылмаған. Сонымен қатар қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік органдар туралы» ҚР Заңына сәйкес, облыс, қала және аудан әкімдеріне өз құқығы мен құзыры шегінде мүгедектерге, басқа да әлеуметтік қорғауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шараларды белгілеу құқығы берілген. Осыған байланысты көз протезін алуға материалдық көмек көрсету туралы әкімшілікке немесе жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар органына өтініш беруіңізге болады.
3. Тұрғын үй мәселесі жайында (жекешелендіруді) сіз аудан әкімшілігіне заң бойынша өтініш беруіңіз қажет.