Ішімдік ішкен жұмысшыны жұмыстан босату тәртібі қандай?
Мен жеке кәсіпкермін. Кейде жұмысшыны жұмыс орнында ішімдік ішкені үшін жұмыстан босатсаң, ол еңбек инспекторына шағымданады. Ал еңбек инспекторы ақ-қарасын ажыратып жатпайды. Бірден айыппұл салады. Олар «біз бүгін шара қолданбасақ, ертең прокурорлық тексеріс болады. Онда сізге де, бізге де жақсы болмайды» дегенді айтады. Осындай келеңсіздіктен құтылу үшін не істеу керек?
Ербол ИСАХАН, Алматы облысы
Мамандардың айтуынша, жұмысшымен де, еңбек инспекторымен де арада ешқандай мәселе туындамас үшін ҚР Еңбек кодексі бойынша жұмыс жүргізген дұрыс. Мәселен, жұмысшы жұмысқа ішімдік ішіп келсе, ҚР Еңбек кодексінің 54-бабы, 1-тармағы, 7-тармақшасы бойынша еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзуға болады. Мұндай жағдайда медициналық мекемеден жұмысшының ішімдік ішкендігін куәландыратын медициналық қорытынды, оған қоса, орын алған жағдай туралы акт түзіліп, жұмысшыдан жазбаша түсініктеме алынуы шарт. Осы құжаттар негізінде жұмысшымен арадағы еңбек шарты тоқтатылып, жұмысшы жұмыстан босатылады. Мұндай жағдайда сізге жұмысшы да, еңбек инспекторы да қарсы дау айта алмайды.