Кактус сусыз қанша уақытқа шыдайды?
Басқа өсімдіктерге қарағанда кактус суды өте аз қажет ететіні белгілі. Сонда кактусты қалай, қанша уақытта суарып тұру керек?
Дәрия МҰХТАРҚЫЗЫ, Астана қаласы
Шөлейт жерлерде тіршілік ететін өсімдіктердің бәріне де су жетіспейді. Сондықтан олар сусыз жағдайда тірі қалу үшін әрекет етеді. Кактус та суды қажет ететін өсімдіктердің бірі болғандықтан, су аз кезде ол өзінің бойындағы суды үнемдеуге бейімделген. Көбіне өсімдіктердің құрамындағы судың көп мөлшерін жапырақтары алып қояды да, күн сәулесі түскен кезде ауаға оттегін бөледі. Ал кактуста жапырақ жоқ болғандықтан, ол суды оттегіне айналдырмайды. Сондай-ақ кактустың өзегі өте жуан болғандықтан, ылғал өсімдіктің ішінде сақталады әрі кактус тік болғандықтан, оған күн сәулесі тек үстіңгі бөлігіне ғана түседі. Кактустың сыртқы қабығы да өте мықты және оның тікендері кактусты қоршаған ортаның сыртқы әсерлерінен, шөлдеген жан-жануарлардан қорғайды. Сондықтан орта жастағы кактустар екі жыл сусыз шыдай алады. Негізінен, кактустың 1000-нан астам түрі бар. Оның отаны – Оңтүстік және Орталық Америка, Мексика, АҚШ-тың оңтүстік батысы. Кактустың ең кішкенесі түймедей болса, ең үлкені 10-20 метрге дейін жетеді. Кактустың кішкене түрлері үй жағдайында бөлмелерге отырғызылады. Ыдысқа егілген кактусты жазда төрт күнде бір рет, қыста айына екі рет суарып тұру керек.