Кей адамдар не себепті үнемі тоңып жүреді
Ғалымдар кейбір адамдардың жаурағыш болуының себебін анықтады деп жазады profile.ru сайты. 
Қыстың басталуымен көптеген адамдар жылына алмай, әлекке түсіп жатады. Алайда, күн жылынса да тоңып жүретін жандар да баршылық. Британдық Ланкастер университетінің мамандары аяз болмаса да үнемі тоңып жүретін адамдардың денсаулығында кінәрат болуы мүмкін екенін анықтаған. Дененің орташа қалыпты температурасы 36,6 ℃, алайда 0,5 ℃ дейін қалыпты температурадан ауытқу болуы мүмкін және бұл ауырудың белгісі болып саналмайды. Сонымен қатар адамның дене қызуы күндізгі уақытта өзгеруі мүмкін, ең жоғары көрсеткіш кешкі 18:00 шамасында болады және сағат таңғы төрт шамасында минимумға дейін төмендейді. Real Clear Science зерттеушілерінің пікірі бойынша, анатомиялық ерекшеліктер суықты сезінуде үлкен рөл атқарады. Мысалы, ерлер бұлшықет массасының көп болуына байланысты көп жағдайда тоңа бермейді.
Ерлер мен әйелдердің денесіндегі май қабаттары да жылуды сезінуде маңызды рөл атқарады. Әйелдердің қолы мен аяқ терісінің астындағы май қабаты шамамен екі есе қалың, сондықтан өзге бұлшықеттерден келетін жылудың терінің температуралық рецепторларына дейін жетуі қиындайды. Сонымен қатар гормондар жылу мен суықты сезінуге әсер етеді. Әйелдерде дененің бастапқы температурасында циклдық өзгерістер болып жатады, оған әртүрлі жыныстық гормондар әсер етеді. Ерлердегі тестостерон деңгейінің жоғарылауы олардың суықты сезінуін төмендетуі мүмкін. Тоңып жүрудің тағы бір себебі - түрлі дерттердің болуы. Мысалы, Рейно ауруы. Мұндай дертке шалдыққандардың денесінің кей бөліктері, әсіресе башпайы мен саусақтары қобалжыған сәтте немесе күйзеліске түскенде кенет мұздай болып, ұйып кетеді. Әйелдер Рейно ауруына жиі шалдығады.
Дене температурасына әсер ететін тағы бір ауру - бұл гипотиреоз, ол энергия деңгейлері мен ішкі температураны ұстап тұруға қажетті қалқанша без гормондарының бөлінуін тоқтатады. Сондай-ақ мәселе артериосклерозда болуы мүмкін. Бұл - күретамырдың созылмалы ауруы, олардың қалыңдауымен, қатаюымен және серпімділігін жоғалтуымен сипатталады. Бұл қан айналымының нашарлауына әкеледі. Сонымен бірге үнемі тоңып жүру қатты аязда қалып, қандай да бір жерін үсітіп алған жандарға да тән болуы мүмкін. Еске салсақ, бұған дейін ұзақ өмір сүру үшін күнделікті қанша уақыт ұйықтау керектігін жазған болатынбыз. Одан бөлек, адамдарда тәттіге әуестік не себепті пайда болатынын жазған едік. 
kaz.nur.kz