Келісімшартсыз жұмыс істеуге бола ма?

Мен сырттай білім алып жатқан студентпін. Жеке кәсіпорында жұмыс істеймін. Бірақ жұмыс беруші менімен келісімшарт жасаған емес, тек айлығымды уақтылы төлеп тұр. Мен биыл жазда ақысы төленетін еңбек демалысына шыға аламын ба?
Маржан, Алматы қаласы
Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің инспекторлары жауап береді:
Сізге міндетті түрде жұмыс берушімен келісімшартқа отыру қажет. Мұнсыз еңбек жағдайына қатысты сіз бен жұмыс берушінің өзара қатынасы, тіпті сіздің ол жерде жұмыс істеуіңіз заңсыз болып есептеледі. ҚР Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес республика көлемінде орта арнаулы не жоғары білім алып жатқан жұмысшыларға емтихан және сынақ тапсыру немесе диплом жұмысын қорғау, іс-тәжірибеден өту мен зерттеу жүргізу үшін еңбек демалысы тағайындалады. Оған төленетін ақы еңбек және ұжымдық келісімшарт талаптарына сәйкес бекітіледі. Бұдан басқа талаптар, атап айтқанда, еңбек демалысын келісімшартсыз тағайындау заңнамаларда қарастырылмаған.





