Кітапханалар қауымдастығының мақсаты не?
Елімізде Кітапханалар қауымдастығы бар екен. Ол қашан құрылған және оның мақсат-міндеттері қандай?
Нұрбике КЕНЖЕҒҰЛОВА, Орал қаласы
Қазақстан Республикасының Кітапханалар қауымдастығы – еліміздегі кітапхана ісімен кәсіби тұрғыдан байланысты және жалпы кітапхана жұмысын дамытуға мүдделі мекемелер мен адамдардың ерікті негізде бастарын біріктіріп отырған ұйым. Бұл Қауымдастық елімізде 1997 жылы ресми тіркеуден өткен. Оның өз Жарғысы, арнайы мөрі, логотипті бланкі, есептік шоты бар. Ұйымның түрлі секциялары Жарғыда бекітілген ережеге сәйкес жұмыс істейді.
Оның мүшелері ұйымның атынан кітапхана ісінің өзекті проблемалары бойынша Президентке, Үкіметке, Парламентке Үндеулер мен Ашық хаттар жолдай алады.
Ұйымның басты мақсаттары:
жаңа ақпараттық технологиялар енгізу арқылы Қазақстан кітапханаларының инновациялық дамуын қамтамасыз ету;
республика азаматтарына көрсетілетін ақпараттық қызметтерді жетілдіру және барша азаматтар үшін кітапхана қызметтері мен ақпараттарына теңдей қолжетімділікке кепіл беру;
барлық деңгейде кітапханалық заңнамаларды ілгерілетуге көмектесу;
қоғамдағы кітапханашы мамандығының беделін көтеру;
кітапханашыларды тұрақты кәсіби дамыту бағдарламаларымен жұмыс істеу.
Қазақстан Республикасының кітапханалар қауымдастығы – Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелерінің халықаралық федерациясына (IFLA) және Еуразия кітапханалар қауымдастығына (БАЕ) мүше.