«Көкіл» деген не?
Алматы қаласында «Көкіл» атты музыкалық мектеп бар. Менің білгім келетіні, «көкіл» деген не? Қазақтың музыкаға қатысты көнерген сөзі ме?Алмас Райханов, Атырау қаласы
«Көкіл» – белгілі күйші бабамыз Қазанғаптың күйінің атауы. Зерттеушілердің айтуынша, «Көкіл» Қазанғап шығармаларының ішіндегі ең шоқтығы биік туындысы екен. Бұл күйдің шығу тарихы жайлы зерттеуші С.Балмағамбетов былай дейді: «Қазанғап жасында сал-серілік ғұмыр кешіп, жүріңкіреп қалып кештеу үйленеді. Сол себепті баланы да зарығып көреді. Тұла бойы тұңғышы Ақшыбық деген қыз бала екен. Осы баласын еркелетіп, «Көкілім менің, кекілім менің», – деп атаса керек. Ақшыбық көкірек ауруынан жастай қайтыс болады. Сүйікті баласын жоқтап, тағдырға мұңын шағып, «Көкіл» күйін шығарады. Бұл – Қазанғаптың терең мағыналы, ойлы, философиялық күйлерінің бірі. Күйшінің өзі де «күй төресі – «Көкіл» деп тартқан екен», – деп жазады. Қазанғаптың мол мұрасы күйшінің көзін көріп, дәмдес болған шәкірттері арқылы бізге жетіп, қазақ музыкасының алтын қорына қосылған баға жетпес құнды дүниеге айналды.