Көктайғақта құлап, жарақат алмас үшін не істеу керек?
Бұл ескертулер қысқы мезгілде болатын көктайғақта құлап, жарақат алып немесе дене мүшелерінің сынуын алдын алуға көмек бола алады.
Киімді қалай дұрыс таңдау керек?
Қысқы киім өте ыңғайлы болуы тиіс. Сәйкесінше мезгілдік киімнің капюшоны немесе жағасының ұзын болғаны жөн. Жұқалау күртешеге қарағанда, жұмсақ пуховикті таңдау орынды.
Бауы ұзын ауыр сөмкені таңдамаған дұрыс. Ол қозғалыс кезінде тепе-теңдіктің бұзылуына алып келуі мүмкін. Егер сіз заттарды пакетпен алып жүретін болсаңыз, онда заттарды екіге бөліп екі қолға ұстайтындай етіп алыңыз. Көктайғақ кезінде ең ыңғайлысы артқа тағатын сөмке болып есептеледі.
Құлап қалмас үшін қалай жүру керек?
• Өзіңізді пингвин сияқты елестетіңіз. Мәселен, табаныңызды жерге нық басып, аяғыңызды сәл бүгіп, буынға күш түсірмей адымдаңыз. Бұл жүріс сырттай күлкі шақырғанымен, ол қолайсыз ауа райында қауіпсіз.
• Жылдам жүрмеңіз, аяғыңызды тым жоғары көтермеңіз. Қадамдар арасы жиі болғаны абзал. Қауіпті жерлерден тайып кетуіңіз әбден мүмкін.
• Көктайғақ кезде ешқашанда қолыңызды қалтаңызға салмаңыз. Қолыңыз қалтаңызда болып құлаған кезде қатты жарақат алып қалуыңыз мүмкін. Құлап бара жатқан кезде қолмен көмектесіп, қимылды тепе-теңдікте ұстай аласыз.
• Тайып кетсеңіз немесе онша биік емес жерден құласаңыз, сәл отырып ес жинап алыңыз. Қолыңызда бар барлық заттарды босатыңыз. Бұл қимылдар аяқтан қалыпты тұруға мүмкіндік береді.
Көшеде құлап қалмас үшін өзіңді қалай ұстау керек?
• Жүріп бара жатқан кезде телефонмен сөйлеспеңіз.
• Бүкіл назарыңызды жолға аударыңыз. Басқа адамдар жүрген жолмен немесе тротуар шетімен жүріңіз. Көпшілік жағдайда тротуар шеті қатты тайғанақ болмайды. Қардың астында мұз болып, одан кез келген уақытта аяғыңыздың тайып кетуі мүмкін екендігін есіңізден шығармаңыз.
• Жолда барынша ыждақатты және сыпайы болыңыз. Қасыңыздан өтіп бара жатқандар абайсызда құлап қалса, оларды демеп орнынан тұрғызып жіберіңіз.
• Баспалдақтар (бұл жерде баспалдақ сатысына екі аяқты бірдей қойып көтірілген немесе түскен қауіпсіз), жолдың шеті, люктардың темір қақпағы, сондай-ақ түрлі бұрылыстар ең қауіпті және тайғанақ жер болатындығын есіңізден шығармаңыз. Мұндай жерлерден жүрмеуге тырысыңыз.
• Үйден шығар алдында координацияны жақсарту үшін бірнеше жаттығу жасау абзал. Мәселен, аяқтың ұшымен 20 рет отырып-тұру.
• Тайғақ жолмен қатты жүріп келе жатқан көліктің алдын кесіп өтпеңіз. Дұрысы көліктің өтіп кетуін күтіп, асықпай жолдан өту керек. Сіз жолдан өтіп бара жатқан кезде абайсызда аяғыңыз тайып, құласаңыз жүргізуші абыржып, тежегішті басып үлгермей қалуы мүмкін.
Қалай дұрыс құлай білу керек?
Егер сіз құлап бара жатсаңыз бұлшық еттерге салмақ түсіріп, денеңізді жинап алыңыз.
Егер сіз артқа қарай құласаңыз, шынтақпен түспес үшін қолыңызды бұрып жіберіңіз. Арқаңызды басқа жаққа бұрып, иегіңізді кеуде тұсыңызға қарай иіңіз – бұл желкеңізге қатты соққы тиуін алдын алады. Егер мүмкіндік болып жатса барлық денеңізді бұрып құлаңыз. Шалқадан құлағаннан гөрі бұл қимыл барынша қауіпсіздеу.
Егер екпетіңізден құлау жағдайларында білегіңізге күш түсіріп, қолыңызды тіреңіз. Бұл қатты соққы алуды алдын алады. Құлау кезінде сәл де болсын жерге ақырын түсу үшін аяғыңызды алға қарай созыңыз.
Егер сіз бір жақ бүйірге қарай құласаңыз, қолыңызды жерге тіреп құламаңыз. Керсінше қолыңызды денеңізге тигізіп ұстаңыз.
Егер баспалдақтан құлаған жағдайларда қолдарыңызбен басыңыз бен бетіңізді жабуға тырысыңыз. Баспалдақтан құлап бара жатқан кезде тежеу әрекеттерін жасамау керек, әйтпесе оның зардаптары ауыр болуы мүмкін.
Қандай дене мүшесімен құлауға болмайды?
• Бөксемен. Бұл құймышақ немесе омыртқаның жарақат алу қауіптерін туғызады.
• Қолды созып алақанмен. Бұл қолдың бірнеше жерден сыну қауіптерін ұлғайтады.
• Тіземен. Бұл тізенің қатты жарақат алуына алып келеді.
• Білекпен. Бұл бұғаналардың сынуына қауіп туғызады.
Құлап қалсаңыз не істеу керек?
Дәрігерлік көмек көрсету пунктіне барыңыз. Өйткені барлық жарақаттар бірден білінбеуі мүмкін. Яғни, құлаудың зардаптары кейін де шығып жатады.
Ауырсынып қалған жерге бес минуттан үзіліс жасап, 20 минуттан суық зат басыңыз. Егер бір тәулік өткеннен кейін ісік басылса, онда оған қыздыратын немесе көгергенді басатын жақпа май жағуға болады.
Аяқ киімнің тайғанақ болмауы үшін не істеуге болады?
• Аяқ киім жөндейтін шеберге барып, аяқ киім табанына тайғанамайтын резеңке төсеме жапсырту.
• Өзіңіз табаныңызға пластырьдың бірнеше бөлігін жапсырсаңыз болады. Бұл тәсіл бірнеше сағатқа аяқ киімді барынша қауіпсіз етеді.
• Пластырьдың орнына жақсы киіз тәріздес немесе зімпар (бетін алып тастайтын) қағаздарды жапсыруға да болады.
• Ескі аяқ киімнің табанын зімпармен (бетін алып тастайтын) тегістеу.
• Қалың бұдырлы табанға ұсақ шуруптарды бұрап қоюға болады.
• Спорт заттарын сататын арнайы дүкеннен тайғанап кетуге қарсы арнайы табан жапсырмасын сатып алыңыз.
• Егер сіздің жапсыруға немесе тайғанап кетуге қарсы жапсырмаларды сатып алуға уақытыңыз бен мүмкіндігіңіз болмаса, етігіңізге немесе бәтеңкеңізге мақта-матадан жасалған шұлықты сыртынан кигізіп қойып, жүрсеңіз болады. Бұл ыңғайсыз болса да, сіздің қауіпсіздігіңізді барынша қамтамасыз етеді.