Көлікке тәспі ілу дұрыс па?
Ислам дінінде Алланы зікір ету үшін немесе Жаратушының тоқсан тоғыз есімін қайталау үшін қазақ халқы тәспіні қолданғанын білеміз. Қазақта да тәспінің орны ерекше.
Қазақта тәспі тастарының саны отыз үш немесе тоқсан тоғыз болған. Тоқсан тоғыздық тәспі отыз үшке бөлінген. Қазақ бұл сандарға өте мән берген. Өйткені, намаздан кейін «субхан Аллаһ», «әл-хамду лиллаһ», «Аллаһу әкбар», деп, айту – Пайғамбарымыздың (салаллаху алейхи уа салям) сүннеті.
Қазақ Ұлы Жаратушыны зікір етуде қателеспейін, Пайғамбарымның жолымен жүрейін, деп, тәспі тастарының санын қатаң қадағалаған. Сонымен қатар үш бөлек отыз үш қосылып Ұлы Жасаушының тоқсан тоғыз есімдерін білдіретін еді.
Ал, қазіргі заманда қазақтың төріндегі тәспінің бірі жерде жатса, бірі шаңыраққа ілінді, көлікте де бар. Яғни, қазақ тәспіге екі түрлі көзбен қарайтын болып бара жатқандай.
Бұл күнде тәспі қазақ салтындағы қадір-қасиетінен айырылып барады. Тіпті, бұл күнде балалардың ойыншығына айналып отыр. Кейбіреулері дінді білмегендіктен тәспіге «ерекше қасиет» деп қарауда.
Дегенмен, тәспіні Алланы зікі ететін діни зат деп есептеп, жоғары ілу діннен шығармайды, Аллаға серік қосу деп айту да қисынсыз. Себебі, көп адам тәспіні бір Аллаға сеніп, мұсылмандықтың бір кішкентай белгісі ретінде жоғары іліп қоятындар да бар.
Тек, ілулі тұрған тәпсіні көлікте қол босай қалғанда, яки біреуді күтіп отырғанда, не болмаса көлік кептелісіне тап болғанда қолға алып, Алланы зікір ету абзал болмақ. Бұл кездегі өткен уақытың да бос кеткен болып саналмайды.
Ал тәспіні тек әдемілік үшін, не болмаса жамандықтан қорғайды деген ниетпен ілу дұрыс емес. Тәспінің мақсаты Алланың көркем есімдерін зікір ету мақсатында қолданылатындықтан қай жерде де болмасын оны тиісті мақсатына лайықты пайдалануымыз дұрыс болмақ.