Коллаборационизм – сатқындық па, әлде шарасыздық па?
Осы екінші дүниежүзілік соғыста көп қолданылған «коллаборационизм» терминінің мәнін түсінуге болады?
Мирас Бектеміров, Алматы облысы
Француз тілінің «ынтымақтастық» деген сөзінен шыққан коллаборационизм ұғымы дұшпанның мүддесіне сай саналы, ерікті түрде және әдейі ымыраға барып, өз мемлекетіне залал келтіруді айтады. Отанға сатқындық жасау, қылмыс жасау болып саналған бұл ұғым алғаш екінші дүниежүзілік соғыста Францияның Виши маршалы Петеннің немістермен ауыз жаласып кетуіне байланысты, немістер жағына өтіп кеткен Власов армиясына, «Галичин» СС дивизияларына, казактарға қатысты қолданылды. Коллаборационизм – күрделі саяси құбылыс. Кейбір зерттеушілер халқын жаудың қырғынынан алып қалу үшін ымыраға барған коллаборационистердің амал-әрекеттерін басқа қырынан зерделеп, ақтап шығады. Соғыс біткен соң Еуропа елдерінде нацистік әскерлермен сыбайласқандардың істері жеке-жеке қаралып, тиісінше жазаға тартылды. Соғыста «Түркістан легионында» болған сарбаздарды КСРО-ның «коллаборационистер», «сатқындар» деп қаралауға моральдық құқы жоқ, өйткені Кеңес Одағы тұтқындағы өз азаматтарын қорғаған да, өз елінің адамы санаған да жоқ еді.