Компьютердегі ақаудың алғашқы белгілері қандай?
Газеттеріңіздің өткен санында компьютерлік вирустардың қауіптілігі жайында жазып едіңіздер. Менің білгім келетіні, компьютеріме вирустың еніп кеткенін нақты қалай білуге болады? Оның қандай белгілері бар?
Қайырбек Тұрсынов, Қызылорда облысы
Компьютеріңізбен жұмыс барысында қиындықтар туындаған сәтке дейін сіз вирустың бар-жоғынан хабарсыз болуыңыз мүмкін. Компьютердің вируспен зақымданғанының бірнеше негізгі белгілері мыналар:
– компьютер әдеттегісінен баяу жұмыс істейді;
– компьютер сұраныстарға жауап беруін доғарып, бұғатталып қала береді;
– жүйе әр бірнеше минут сайын жұмыс істеуден бас тартып, қайта жүктеліне береді;
– дискілер мен диск жетектеріне қатынау мүмкін болмай қалады;
– басып шығару қателермен жүреді;
– қателер туралы әдепкіден тыс хабарламалар пайда бола бастайды;
– мәзірлер мен сұхбат терезелерінің көрінісі өзгеріп кетеді.
Бұлардың бәрі – вирус жұққандығының типтік белгілері. Алайда олар бағдарламалық жасақтаманың немесе құрал-жабдықтардың вирустарға еш қатысы жоқ ақауларынан хабар беруі де мүмкін. Сондықтан да компьютерде вирусқа қарсы қазіргі заманғы сапалы бағдарламалар орнатылмаса, компьютердің вирустармен зақымданғанын дәл анықтау оңай емес.
Ал өз компьютеріңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін:
Компьютеріңізде вирустардың бар-жоғын кем дегенде екі айда бір рет тексеріп отырыңыз. Өзіңіз сенімді болмаған кез келген сыртқы тасымалдаушыда вирустар бар-жоғын тексеріп отырыңыз. Өз компьютеріңізде бөтен адамдардың жұмыс істеуіне жол бермеңіз. Күмәнді бағдарламаларды көшіріп жазбауға тырысыңыз. Вирусты өз бетіңізбен залалсыздандыра алмасаңыз, маманға жүгініңіз.