Көрген түсті ұмытып қалмау үшін не істеу керек
Австралия ғалымдары адамдардың дені не себепті түсін есінде сақтай алмайтынын анықтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы tvzvezda.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Австралия елінің Монаш университетіндегі зерттеушілер адам түсіне қатысты бірқатар құпияның бетін ашты.
Олар түсін есінде сақтай алмайтындардың миындағы өзгерістерді сараптай келе, ұйқыға кеткен адамның миында есте сақтау қабілеті екі режимде жұмыс істейтінін анықтаған.
Яғни адам ояу кезінде оның есте сақтау қабілеті ұзақмерзімді режимде болса, ол ұйқыға кеткенде миы есте сақтау қабілетін қысқамерзімді режимге ауыстырады екен.
Осы орайда, ғалымдар түсті есте сақтау үшін не істеу керектігін де анықтаған. Ол үшін жатар алдында көп су ішу керек дейді мамандар.
Себебі, түнде дәретке қысылып, жиі ояну қысқа мерзімді есте сақтау қабілетінің іске қосылуына кедергі келтіреді екен.
Десе де бұл әдіс ұйқы сапасына кері әсер етіп, адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін ескерткен зерттеушілер өзге де амал-тәсілді ұсынды.
Олар түсін есте сақтағысы келетіндерге жатар алдында маңызды түсті қайтсем де есімде сақтаймын деген оймен ұйқыға кету керектігін айтуда. Кей кездері бұл әдіс өз жемісін беріп жатады дейді олар.