Кредит төлемей қойса не болады?

Кредит төлемей қойса не болады?

 Бүгінде Қазақстанда несиесі жоқ адамды кездестіру өте қиын деп айтсақ, қателесе қоймайтын шығармыз. Тұрақты жұмысы бары да, жұмысы жоғы да несиеге байланған. Тіпті, ешқандай табысы жоқ студенттерге де қазір шағын несие бере береді. Ұялы телефоннан бастап тұрмыстық техниканың барлық түрі, автокөлік, баспана және ақшалай несиелерге қол жеткізу соншалықты қиын емес.

Жасыратыны жоқ, азаматтар несиені алғанда біреу тегін ақша бергендей қуанып жатады. Ал, қарызды қайтаратын кезде біраз қиындықтарға тап болатыны шындық. Банк алдындағы берешегін төлей алмай, дүние-мүлкінен айрылып жатқандар қаншама?! Дүние-мүлкіңіз не, өзіне қол салған жағдайларды талай көрдік емес пе? Шетелде емес, өзіміздің Қазақстанда! Осыдан 5-6 жылдай уақыт бұрын қарызын төлей алмағандардың үйдің жоғарғы қабатынан секіріп кеткенін, өзін өртегенін, асылып қалғанын жаңалықтардан көріп жағамызды ұстаған болатынбыз. Бірақ, осынау қайғылы оқиғалардан кейін сот орындаушылары мен коллекторлар борышкерлермен қарым-қатынасын өзгертті ме, әйтеуір қазір мұндай оқиғалар сап тыйылды.

Оның үстіне, қазір еліміздегі екінші деңгейлі банктер түрлі жағдайлармен несиесін төлей алмай жүргендерге біршама жеңілдіктер жасап, борышкерлерді «радикалды» қадамдарға баруына итермелемейді. Ал, бұл қандай жеңілдіктер? Жалпы, несиесін төлей алмайтын жағдайға жеткен азаматтарға банк қандай шаралар қолданады. Еңбекке жарамды қазақстандықтардың басым көпшілігінде несие болғандықтан, бұл сауалдардың жауабын білу көпшілікке маңызды деп ойлаймыз. Сондықтан, сұрағымызға жауап алу мақсатында республикадағы ең ірі банктердің бірі – «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның мамандарын әңгімеге тартып көрген едік. Қоғаммен байланыс департаментінің аға маманы Меруерт Бердібаевамен сұхбаттастық.

– Бүгінде «Қазкоммерцбанк» АҚ қазақстандықтармен ең тығыз жұмыс жасап жатқан банктердің бірі. Әсіресе, несиелендіру бойынша. Бәлкім бюррократиялық кедергілер аз болғандықтан халық сіздердің банктен жиі несие алатын болар. Ол жағы жақсы әрине. Бірақ, алған несиені қайтара алмайтындар да көп. Қарызды сот арқылы өндіретіндеріңіз белгілі. Бірақ сотқа дейін қандай шара қолданасыздар? Мәселен, жеңілдік жасау, уақытын кейінге шегеру, бөліп төлеу секілді қадамдарға барасыздар ма?

– Алдымен заң тілінде түсіндіріп өтейін. «Қазақстан Респбуликасының банктер және банк қызметі туралы» заңындағы 36-баптың 1-тармағына сәйкес, егер қарыз алушы келісімшартта көрсетілген мерзімде қарызын төлей алмаса, сол күннен бастап 30 тәулік аралығында банк ескерту жасайды. Яғни, банк алдындағы міндеттемелерді орындамағаны туралы хабардар етеді, несиелік берешекті кешіктірмей төлеу керектігін айтып, кешіктірген әрбір күн үшін қосымша ақша төлейтінін ескертеді.

Қарыз алушымен келіссөз жүргізу барысында Банктің жауапты қызметкерлері займды өтеу мерзімінен кешіктірілудің себеп-салдарын анықтап, мерзімінен өтіп кеткен займды төлеудің жоспарларын құрады. Егер де заемшының қаржы жағынан қиындықтары бар болса, мерзімі өткен қарызды өтеудің уақыты анықталады.

Егер де клиенттің мерзімі өткен қарызды бір уақытта өтеу үшін мүмкіндігі болмаса Банк бірқатар жеңілдіктерді ұсынады. Төменде көрсетілген тәсілдер арқылы заемшы қайтадан тізімге тұрып, заемды өтей алады:

- кредиттің мерзімін ұзарту;

- төлем сомасын азайту/жекелеген тізімді ұсыну;

- айсайынғы төлемнің мерзімін ұзарту;

- қарызды аудару;

- кредит бойынша мөлшерлемені өзгерту.

Әрине, әр жағдайды Банк клиенттің төлеу қабілетіне байланысты жекелеген түрде қарастырып, заемшыларға өтеудің оңтайлы жолдарын ұсынады.

– Жалпы жыл сайын шамамен қанша адамның қарызын сот арқылы өндіресіздер?

– Банк сотқа тек ерекше жағдайларда ғана жүгінеді. Егер де клиент сотқа дейін Банктің ұсынған шараларына мойынсұнбаса, яғни келіссөздерге келіспесе, байланысқа шықпаса және қоятын талаптары шартқа қарсы келсе ғана бұл мәселе сотта қарастырылады. Жыл сайын сот органына Банктің түйткілді қоржынның 11%-ына жуық арыз жіберіледі.

– Екінші деңгейлі банктер ең алғаш несие бере бастағанда алаяқтар да қарап қалмай, біреулердің құжаттарын пайдаланып, банктің ақшасына қарық боп жатты. Жеке куәлігін жоғалтып алып, бірнеше айдан кейін өзінің банкке қарыз екенін білген азаматтарды да көрдік. Тіпті, сол алаяқтардың алған несиесін төлей алмай, қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар болды. Мұндай оқиғалар әсіресе 2000-жылдардың басында басталып, 2010 жылдарға дейін жалғасты. Тіпті, қазірдің өзінде несие алған алаяқтар туралы құлағымыз шалып қалып жатады. Сұрайын дегенім, қазір біреудің атынан несие алу қаншалықты мүмкін? Жоғалған куәліктерді пайдаланатын алаяқтар әлі де болса бар ма?

– Дәл қазіргі уақытта ешкім өзге біреулің атынан несие ала алмайды. Мейлі ол біздің банк болсын, мейлі басқасы болсын. Өйткені, қазіргі кезде несие берерде биометрия әдісімен клиентті анықтау технологиясы қолданылады. Несие алатын адам туралы бүкіл мәліметтерді зерттейміз, тексереміз. Ешқандай күдік болмаған жағдайда, клиенттің төлем қабілеті біздің талаптарға сәйкес келген кезде ғана оған несие беріледі.

Жалпы, 2013 жылдан бері біздің банктің қауіпсіздік департаментіне өзге біреудің құжаты арқылы несие алмақ болған 5 оқиға тіркелді. Мамандарымыз дереу құқық қорғау органдарына хабарласып, деректерді соларға жөнелтті. Тиісінше, қылмыстық ісқозғалып, күдіктілерді анықтау және ұстау шаралары жүргізілді. Полицейлер бүгінге дейін бір оқиға бойынша ғана күдіктіні ұстап, қамауға алды. Өзге деректерге қатысты әлі мәлімет жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ақпарат үшін айта кетейік. Regnum порталының мәліметінше, Қазақстан тұрғындарының шамамен 5,5 миллионы екінші деңгейлі банктерге және өзге де қаржы ұйымдарына қарыз екен, яғни несие алған. Ал, оның ішіндегі 1 миллионнан астам адамның несиесі проблемалық деңгейге жетіпті. Екінші деңгейлі банктердің ақпаратына сүйенсек, осы берешегі бар 1,07 миллион адамның 53 пайызы немесе 567 мыңы банктерден қашып, яғни жалған телефон номерлері мен жалған мекен-жай адрестерін беріп, қарызын қайтармай жүрген көрінеді. Сондай-ақ, осы аталған азаматтардың 162 мыңы айтарлықтай кірісі мен төлем қабілеті бола тұра, несиелік берешегін өтеуден қашып жүр.

Ал, қазақстандықтардың жалпы несиелік қарыздарының көлемі қанша деген сұраққа жауап іздеп көрсек...

Ұлттық банктің биылғы наурыз айындағы мәліметтеріне көз жүгіртсек, Қазақстандағы жеке тұлғалардың банктер алдындағы қарызы 4,038 триллион теңгені құрайды. Уақытынан кешіктірілген сома 368,6 миллиард теңгеге жеткен. Уақытынан кешіктірілді дегеніңіз, күн сайын немесе ай сайын қарыз сомасына белгілі бір мөлшерде пайыздар қосылып отырады дегенді білдіреді. Яғни, жоғарыда аталған сома бұдан әрі де өсе беруі мүмкін.

Бұл қазақстандықтардың тек екінші деңгейлі бактердің алдындағы қарызы ғана. Бұдан бөлек түрлі жекеменшік ипотекалық компаниялардан, онлайн-банктерден несие алған тұрғындар саны қаншама?!

Жоғарыда келтірілген цифрларға қарайтын болсақ, қазақстандықтардың 2/3-де несие бар. Оның үстіне, елде банк алдындағы қарызын өтей алмай жүргендердің көп екенін де көріп отырмыз. Осы жайтқа байланысты биыл мамыр айының басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Мәжіліс депутаттарының бастамасымен жүзеге асқан осынау заң жобасы негізінен қарыз алушылардың құқығын қорғауға бағытталған. Заңға сәйкес, берешегі бар азаматтар коллекторлық агенттіктердің үстінен Ұлттық банкке арыздана алады, яғни коллекторлар тарапынан заң өрескел бұзылса ғана. Заңда коллектордың банк клиентіне қай уақытта хабарласуға болатынына дейін көрсетілген. Жалпы, коллекторлық агенттіктер банк пен клиенттің арасындағы медиатордың ролін атқарады. Бұл заң өз кезегінде банктердің де, қарызы бар азаматтардың да құқықтарын толықтай қорғауға мүмкіндік туғызуы тиіс.

Дегенмен, «бұл заң қарызы бар азаматтардың сөзін сөйлейді екен» деп банк алдындағы берешегін өтемей жүруге ешқандай мүмкіндік бермейді. Қарызды қайтармаған жағдайда коллекторлар сот арқылы банкке тиесілі қаражатты бәрібір өндіріп алады. Сол үшін «алмақтың да салмағы бар» деген қазақтың нақыл сөзін естен шығармаған жөн!

С.Абайұлы
Baq.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста