Күніне бір жұмыртқа жесеңіз, не болатынын білесіз бе?
Қытай және Британия зерттеушілері 9 жыл бойы зерттеу жүргізіп, күніне бір жұмыртқа жеу жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу тәуекелін азайтатынын анықтады.
Heart халықаралық академиялық журналында жарияланған зерттеуге сүйенсек, күніне бір жұмыртқа жеген қытайлық ересектердің жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу тәуекелі төмен болған.
Зерттеуге 30 бен 79 жас арасындағы жарты миллион адам қатысқан. Олар 9 жыл бойы қытай және ағылшын ғалымдарының бақылауында болған, деп жазады bundlehaber.com.
Зерттеу нәтижесінде анықталғандай, күніне бір жұмыртқа жегендердің бұл өнімді мүлде жемегендерге қарағанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болу тәуекелі 18 процентке төмендеген. Зерттеуге қатысқандардың 13 проценті күн сайын жұмыртқа жегенін айтса, 9 пайызы мүлде жемеген. 9 жылдың ішінде 84 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығып, соның 10 мыңы көз жұмыпты.
"Біздің зерттеуіміз жұмыртқа жеу мен жүрек ауруларының азаюы арасында бір байланыс барын көрсетті", — дейді ғалымдар.
Алайда зерттеу нәтижесіне басқа шетелдік мамандардың көңілі толмай отыр. Олар жұмыртқаның жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы пайдасы зерттеуде нақты дәлелденбегенін алға тартуда.