Лимон ағашын үй жағдайында қалай өсіреді?
Үйде лимон ағашын өсіруді қолға алған едім. Алайда көшет гүлдеген соң, гүлдері мен жапырақтары өздігінен түсе бастады. Мұның себебі неде? Аталған ағашты қалай күту керек?
Айнагүл ДҮЙСЕНБАЕВА, Қарағанды облысы
Өсімдіктанушы мамандардың айтуынша, лимон ағашы гүлдеген соң, оның жапырақтары мен гүлдерінің түсуі – қалыпты құбылыс. Бұл ағашыңыздың жақын арада жеміс беретінін білдіреді. Бір лимон жемісі толық пісіп, жетілуі үшін 15-20 дана жапырақ керек. Сондықтан сабақтағы жапырақтарды санап, артық гүлдерді теріп тастаған абзал. Жалпы, үй жағдайында да жеміс беретін бұл ағашты тік күн сәулесінен алшақ жерде, жазда 15-18, ал қыста 10 градустан кем емес температурада ұстау керек. Әрі жиі орын ауыстырғанды ұнатпайтын лимон ағашының өзге ағаштардан ерекшелігі – жапырағын шаң басса, гүлдемей қоятын көрінеді.