Лимонды қалай сақтауға болады?
Лимонды қалай таңдаған дұрыс? Оны үй жағдайында ұзақ уақыт сақтау үшін не істеу керек?
Жанна РАШИДОВА, Қарағанды облысы
Лимонды сатып алмас бұрын оның қабығына назар аударған жөн. Сырты қалың, қатты және бұжыр болып келген лимон ұзақ сақтауға келмейді. Ондай жемістер құрамындағы пайдалы дәрумендерді тез жоғалтатын көрінеді. Сондықтан мамандар қабығы жұқа әрі тегіс болып келгенін алуға кеңес береді. Мұндай шала піскен лимондар емдік қасиеттерін бірнеше айға дейін жоғалтпай сақтай алады. Ол үшін жемістің сыртын жақсылап жуып, қараңғы әрі салқын жерде сақтаған абзал. Мәселен, тоңазытқыштың жеміс-жидек сақтауға арналған төменгі жағы әбден қолайлы. Бұл цитрусты жемістің құрамында С дәрумені, фруктоза, глюкоза сияқты адам ағзасына пайдалы дәрумендер өте көп.