Мал сүтінің құрамында қандай дәрумендер бар?
Төрт түлік малымыздың сүтінің құрамындағы дәрумендерді және оның денсаулыққа қандай пайдалы жақтары бар екенін білсем деп едім.
Күлән ЖАҒЫПАРОВА, Арқалық қаласы
Мал сүтінің құрамында адам ағзасына пайдалы көптеген дәрумендер бар екені рас. Түйе, жылқы, сиыр, ешкі сүті сусын ғана емес, ағзаға қажетті май, ақуыз, көміртегі, минералды тұздар сияқты дәрумендері – әртүрлі ауруларға шипа. Құнарлылығымен құнды қымыз – туберкулез ауруына таптырмайтын ем. Оның құрамындағы А, В1, В2, В12, Д, С дәрумендері, ақуыз, май, натрий, калий, фосфор адамның күш-қуатын жақсартады, ағзаның әлсіреуіне, қаназдыққа, ас қорыту ауруларына сеп, басқа да көптеген аурулармен ағзаның күресу қабілетін арттырады. 100 грамм қымыздың құнарлылығы 28,9 болса, шұбаттың құнарлылығы – 99.
Шұбат – асқазан жарасы, бауыр, қант диабеті, барлығы 70 шақты ауруға ем. Оның құрамында адам ағзасына қажетті А, В1, В2, С дәрумендері және минералды тұздар бар. Қымыз бен шұбат сияқты ешкі сүтінің де сырқаттың тез сауығуына, ағза иммунитетінің артуына пайдасы мол. А, В2 дәрумендері, сондай-ақ май, көмірсутек, ақуыз, темір, калий сияқты пайдалы қасиеттері асқазан-ішек, ас қорыту жолдары, демікпе, рахит, бас ауруларына шипа боларлық қасиетке ие.