Мамық күртешені қалай жууға болады?
Мамықтан жасалған сырт киім қыс кезінде әрқайсымыздың гардеробымызда табылатын болар. Жылуды керемет сақтайтын күртешелер аң терісінен тігілген тондардан әлдеқайда арзан, есесіне сапасы сын көтерерліктей жақсы. Мұндай сырт киім ыңғайлы келеді, оған қоса қазірде мамықтан жасалған күртешелердің көптеген түрі бар. Олардың кез келген түсін тауып, кез келген стильмен жарастырып киюге болады.
Мұндай күртешелердің қыс мезгілі үшін таптырмас екендігі айтпаса да белгілі. Алайда бұл сырт киім басқа кез келген киім сынды уақыт өте кірленеді. Оны үйдегі кір жуғыш машинаға салып, жуа салуға болады деп ойлайсыз ба? Мамық күртешені дұрыс жуып, дұрыс кептірмеген жадайда, ол киюге мүлдем жарамсыз болып қалуы мүмкін.
Қысқы күртешелерді жуудың кейбір айла-амалдарын біліп жүрсеңіз, сырт киіміңізді тазалықта сақтап, оны әлі бірнеше маусым кие аласыз.
Қала тұрғындары сырт киімді жуу қажет болған кезде басты қатырмай, оны химиялық тазалауға апаруды жөн санайды. Қыста мамықтан жасалған күртешені 3500 теңгеден бастап жуып береді. Көбінесе қыстық күртешелер ұзын келетінін есепке алсақ, орташа баға 5000 теңге шамасында болады. Химиялық тазалау әдетте күртешені жақсы жуып береді, күртеше тазарып, сабынның дақтары қалмайды. Алайда мұндай дауадан кейін күртеше, әсіресе ашық түстілері тез кірленеді. Химиялық тазалауға бір рет жүгінген адам оның тұрақты қолданушысы болуы керек.
Егер күртешені тазалау үшін мұндай қаражатты аясаңыз, оны үйде өзіңіз де тазалай аласыз. Үйінде кір жуғыш машинасы бар кісі сырт киімін өзі-ақ жуа алады. Алайда мұндай жуудың өзінің сырларын бар.
Мамықтан тігілген сырт киімді кір жуғыш машинасында жуу неліктен қиын?
Барлық қиындық күртешенің ішіндегі мамық құс қауырсынына байланысты. Қауырсын құрғақ кезінде үлпілдек, мамық болады. Алайда суланып қалған жағдайда қауырсын жиналып, тас сынды қатып қалады. Күртешеңізді жуғанда кейбір ережелерді ұстансаңыз, ол бастапқы түрін сақтайды.
Сырт киімді жуғанда кір жуғыш аппараттың ең жұмсақ бағдарламасын қосыңыз. Жиі жағдайда кір жуғыш машиналарда ол "Қолмен жуу" немесе "Жүн киімдер жуу" деп аталады. Судың температурасын ең төмен, яғни 30 градус қойған дұрыс.
Күртешенің қалталарын босатып, ондағы барлық түймелер мен ілгектерді тағыңыз.
Ең дұрысы мамықтан жасалған сырт киімдерді жууға арналған сұйықтық алу. Ондай таба алмасаңыз, кір жуғыш ұнтаққа қарағанда кез келген кір жуғыш сұйық құралдарды қолданғаныңыз абзал. Кір жуғыш құралды азырақ құйыңыз. Бұл жолы үйреншікті Calgon сынды машинаға қажет ұнтақты қоспай-ақ қойыңыз.
Кір жуғыш аппараттарында бар қосымша шаю режимін қосқан жөн. Мамықтан жасалған заттар кір жуғыш құралды оңай сіңіреді, алайда оны шайған әлдеқайда қиын. Күртеше жуып болғаннан кейін оны шығарып, сабыны қалмағанына көз жеткізіңіз, керісінше жағдайда оны қайта салып, еш кір жуғыш құрал, ұнтақсыз таза сумен тағы бір рет жуыңыз. Қажет болған жағдайда, шаюды қайта қайталаңыз.
Сырт киімді бірнеше рет шайғандықтан, бірінші жуғанда кір жуғыш машинада сығу режимін қоспаңыз. Тек күртешеңіз жақсы шайылды дегенде сығудың ең баяу режимін іске қосыңыз.
Сырт киімнің ішіндегі қауырсын жиналып қалмас үшін оны тұрақты түрде "ұрып" тұру қажет. Ол үшін кір жуғыш машинаның ішіне үлкен тенниске арналған 3-4 доп салып жіберіңіз. Олар барабан айналғанда күртешені ұрып, қауырсынның жиналып қалуына жол бермейді.
Мамық күртешені ашық күні күннің көзіне іліп кептірген дұрыс. Қысты күні оны сыртта суын ағызып, кейін үйге жақсы желдетілетін жерге немесе батарея маңына ілгішке іліп қойыңыз. Кеуіп тұрған күртешені арасында оқтаумен "ұрып" қойыңыз. Ілгіштен шешіп, жақсылап сілкіп тұрған да жөн. Бұл мамықтың дұрыс кебуіне көмектеседі.
Толықтай кепкен күртеше бұрыңғыдай үлпілдек болып көрінбесе, оны кір жуғыш машинаға 3-4 теннис добымен салып, сусыз "сығу" режимін қосыңыз. Осылайша күртешеңіз бұрыңғыдай қалыпына оралады.
Күртешенің жеңі, етегі кірленіп қалған жағдайда оны сабынды суға малынған губкамен кетіріп жүріңіз. Осылайша сырт киіміңіздің тазалығы ұзаққа сақталады.