Мекеме атауының өзгеруіне байланысты жұмысқа қабылдамау заңды ма?
Мен 2006 жылы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында лаборант болып жұмыс істеп жүріп декреттік демалысқа кеттім. Бала күтімімен отырып, 2008 жылы екінші балаға босандым. Балам үш жасқа толған соң бұрынғы жұмысыма қайта барсам, институттың аты өзгеруіне байланысты мені қызметке қабылдамады. Осы заңды ма?
Фарида ЕРҒАЛИЕВА, Алматы облысы, Мыңбаев ауылы
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ, заңгер:
– Егер институттың салалық құрылымы өзгеріп, оның құқық иеленушілік меншігі, мекеме жарғысы, барлық тиесілі құжаттары өзгерген болса, онда мекеме бұл жайлы декреттік демалыста отырған қызметкерге ескерту қағаз жіберу арқылы алдын ала хабардар етуі керек. Мұндай жағдайда мекеме басшысының әрекеті заңды болып есептелінеді.
Егер институттың атауы өзгеріп, бірақ құқық иеленушілік меншігі өзгермесе, онда мекеме басшыларының бұл әрекеті заңсыз болып табылады. Бұл жағдайда сіз жергілікті еңбек инспекциясына немесе сотқа шағым түсіруіңізге болады.