Мұсылман бағы – жәннат
Қасиетті Құранда «әр адамның ағаш отырғызуы, бақ салуы — сауапты іс» делінген. Мұсылман бақтарына қандай өсімдіктер отырғызылады?
Сәдуақас Құныпияұлы, Алматы қаласы
Бұл сауалыңызға «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева жауап береді:
– Тарихта Ақсақ Темірдің Иран бағы, Шах-Джаханның әйелі Мумтаз-и-Махалға арнаған Тадж-Махал секілді мұсылман сұлтандары мен хандары салғызған әйгілі бақтар туралы жиі айтылады. Мұсылман бақтарындағы өсімдіктердің көпшілігі жеміс ағаштары болып келеді. Жемістер піскен уақытта кедей-кепшік теріп жеп, мәз-мейрам болысып, қарны бір тоятын болған. Мұсылман бақтарының басқалардан айырмашылығы, мұнда ешқандай заңдылық сақталмайды, өсімдіктердің барлық түрі егіледі және оларды қырқып, қысқартпай еркін өсіреді. Өсімдіктерді тығыз екпейді. Себебі исламда «су мен көлеңке — екі дүниеде де адамның керегі» деген қағида қалыптасқан. Мұсылман бақтарына Еуропа бақтары секілді адам келбетіндегі мүсіндерді орналастыруға тыйым салынған. Бақтағы гүлзарлар, рокарий және субұрқақтар төртбұрышты пішінді болады. Жолдары жапон, ағылшын бақтарындағыдай ирек немесе қисық емес, түп-түзу және тік салынады. Ислам бақтарының Чахар-Баг, Бустан, Гулистан, Пәрдис деген түрлері бар. Мұсылмандар бағына гүлдер хош иістілігіне, пішініне және гүлі мен жапырағының түсіне қарай өсіріледі. Айталық, қызғалдақ, ұсақ гүлді сүмбілшаш, раушан, сакура секлді гүлдер жиі егіледі. Жұмақ, яғни жәннат дегеніміз – жайқалған бақ.