Мұхтар Әуезов футболды жақсы ойнаған
Мен спорт түрлерінің ішінен футболды жақсы көремін. Қазақстан ұлттық құрамасының жанкүйерімін. Жақында бір танысымнан қазақтың хас жазушысы, классик Мұхтар Омарханұлы да футболды жақсы ойнаған дегенді естіп қалып ем. Осы рас па?
Думан ТОҚТАРБЕКҰЛЫ, Жаркент қаласы
Қазақтың ғана емес, әлем классиктерінің қатарынан орын алған ұлы суреткер Мұхтар Әуезов шынында да футбол ойынын жақсы ойнаған. Қазақстанға бұл спорт түрі 1909-1910 жылдары келгенін ескерсек, Мұхтар Омарханұлын қазақ футболының іргесін қалаушылардың бірі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені футбол ең бірінші Семей, Орал, Петропавл, Павлодар, Атырау, Ақтөбе жастарының сүйікті ойынына айналды. Уақыт өте келе бұл ойын бұқаралық сипат алды. 1911 жылы Семейде жергілікті қазақ және татар жастарының бастамасымен «Жарыс» командасы құрылды. Мұхтар Омарханұлы осы «Жарыс» командасының жартылай қорғаушысы болып ойнаған. «Жарыс» өзінің алғашқы кездесуін 1914 жылы Томск қаласындағы политехникалық институттың студенттерімен өткізді. Осы кездесу Қазақ футболының кіндігі кесілген турнир болып саналады.