«Нос» деген қандай сыйлық?
Ресейде жаңадан бір «Нос» деп аталатын сыйлық пайда болыпты дейді. Ол қандай сыйлық және қашаннан бастап беріліп келеді? Айтпақшы, «Нос» деген не мағына береді екен?Салтанат Даярова, Түркістан қаласы
Биыл Ресей орыс халқын, орыс әдебиетін әлемдік деңгейге шығарған заңғар жазушы Н.В Гогольдің 200 жылдық мерейтойын тойлауда. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шаралардың ең маңыздысы өзіңіз сұрап отырған сыйлықтың тағайындалуы болып табылады. Михаил Прохоров қоры аталған мерейтойға сыйлық ретінде өз аттарынан «Нос» сыйлығын тағайындаған болатын. «Ностың» мағынасы – «Новая словесность», яғни, «Жаңа сөз өнері» дегенді білдіреді. Ұйымдастырушылар сыйлықтың міндеті «орыс тіліндегі қазіргі заманғы көркем сөз өнерінің жаңа таланттарын ашу және көмек көрсету» екенін атайды. Сыйлықты жыл сайын жаңа туындыларға тапсырмақ ниетте.
Қарашаның 4-інде Красноярскідегі үшінші кітап жәрмеңкесінде «Нос» сыйлығының қысқаша тізімі жарияланды. Тізімге мыналар енді: Андрей Аствацатуров – «Жалаңаш жандар», Татьяна Бочарова – «Новочеркасск: қанқұйлы бесін», Лев Гурский – «Роман Арбитман», Сергей Носов – «Петербор ескерткіштерінің құпия өмірлері», Андрей Степанов – «Адамдарға қатысы жоқ ертегі» және Елена Элтанг – «Тас үйеңкі» енді. «Жаңа сөз өнерінің» жеңімпазы қаңтардың аяғында анықталады. Жеңімпаз мүсінге қоса 700 мың рубль алады.