Өміріңізді өзгертетін қарапайым тәсіл
Жасыратыны жоқ, көп адамдардың өз өмірлеріне, тұрмыс жағдайларына, жұмысына көңілдері толмайды. Олар өмірлерін өздері армандаған бағытқа қарай өзгертуді іштей қалап жүреді, бірақ та оның тәсілін, нақты жолын білмегендіктен және іштей сол ойының жүзеге асатынына күмәнданғандықтан, құдай салды, біз көндік деп өмір белгілеген таптаурын жолмен жүре береді.
Өміріңіз өз қолыңызда
«Сырттан белгілеген, өмірге келген кезде маңдайға жазып қойған тағдыр жолы болады, оны өзгерту мүмкін емес»  деген  түсінік &ndash бұл жалқау, әлсіз адамдардың ойлап тапқан сылтауларынан басқа ештеңе емес. Шындығында, әр адам өз өмірінің қожасы және өмірін қалауынша өзгертуіне барлық мүмкіндік бар.
Адамдардың кем дегенде 95 пайызы тағдыр салып берген таптаурын жолмен жүреді және оны өзгертуге талпынбайды. Сіз өзіңіздің қандай жолмен жүріп келе жатқаныңызды білу үшін мынадай қарапайым тәсіл қолдансаңыз, оған көзіңізді жеткізесіз.
Мына сұрақтарға шынайы жауап беріп көріңіз: 1 &ndash істеп жүрген жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма, содан қанағат табасыз ба және жалақыңызға көңіліңіз тола ма? 2 &ndash Айналаңыздағы адамдармен қатынасыңыз жақсы ма, баспанаңыз, тұрмысыңыз көңіліңізден шыға ма? 3- тұрған елді мекеніңіз, аймағыңыз өзіңізге ұнай ма, әлде басқа қалаға қоныс аударсам дұрыс болар еді деп санайсыз ба?
Егер  осы сұрақтардың бәріне «иә» деп жауап берсеңіз, онда өміріңізге разы, бақытты адамсыз және сізге өмірді өзгертудің, оған талпынаудың еш қажеті жоқ. Егер көңіліңізден шықпайтын жайлар болса, онда сіз тағдыр салып берген таптаурын жолмен жүріп келе жатырмын деп санаңыз. Өйткені, сіз өзіңіз қаламайтын нәрсені жасайсыз, ұнамайтын адамдармен араласасыз, көңіліңіз қаламайтын үйде, қалада тұрасыз, жалақыңыз жетпейді &ndash соның бәріне қарамастан, тағдырдың салғанына көніп «болашақта бір өзгерістер болар» деген тұманды және күмәнді үмітті місе тұтып күн кешесіз. Әрине, ондай өзгеріс өздігінен келе салмайтынын іштей сезесіз, десе де өмірді өзгерту қиын сияқты көрінетіндіктен, сондай күмәнді үмітпен өмір сүрген сізге жеңілдеу сияқты көрінеді.
Өмірді өзгерту сіз ойлағандай қиын емес
Өміріңізге іштей көңіліңіз толмағанымен, тағдырдың салғанына көніп, таптаурын, үйреншікті жолмен жүруге мәжбүр болған сіз басыңызға бақ құсы кездейсоқ қона кетердей көріп, күмәнді үмітті серік етесіз. Сіз үшін өмірді өзгерту өте қиын сияқты сезіліп, ондай қорқынышты қадамға барғаннан гөрі, таптаурын жолмен күмәнді үмітті серік етіп жүрген әлдеқайда жақсы сияқты көрінеді.
Дегенмен, мынаны есіңізде ұстаңыз:  сіз өзіңізді өзіңіз қанша алдағаныңызбен, өтіп жатқан уақыт өміріңізді өзгертуге көмектеспейді, керісінше, мүмкіндігіңізді азайтып, сеніміңізді мүжіп құрта береді. Сондықтан, күндердің күнінде алдыңызға тағдыр таңдау жолын ұсынады: не қорлыққа төзіп, таптаурын жолмен тауқыметті тірлігіңізді өле өлгенше жалғастырасыз, болмаса өміріңізді тәуекел етіп өзгертесіз. Өкініштісі сол, адамдардың көбі тағдыр ұсынған осындай мүмкіндікті  дұрыс пайдаланбай, қорқынышқа бой алдырып, таптаурын жолда қалып қояды.
Өмірді қалай өзгертуге болады? Осы саулаға нақты жауап беретін кез келгендей. Шындығында өміріңізді өзгерту сіз ойлағандай оншалықты қиын емес. Өмірді өзгерту үшін ең алдымен ақыл-ойыңызды өзгерту қажет болады. Ал ақыл-ойды өзгерту тас қалағандай ауыр жұмыс емес.
Ақыл-ойды өзгерту үшін не істеу қажет? Ең алдымен, алатын ақпаратыңызды өзгертіңіз. Әрине, күн сайын алып жататын ақпараттарыңызды 100 пайыз бірден өзгерте алмайсыз және ол мүмкін де емес. Мәселен, сіз сағаттар бойы әлеуметтік желілерге кіріп, өзіңізге пайдасы тимейтін бостекі ақпараттарды қарап уақыт өткізесіз және интернеттен түрлі ойындар ойнайсыз. Бұның бәрі ермек, уақыт өткізу ғана және ол сізге еш пайда әкелмейді. Дегенмен, оның зияны өте көп. Ең алдымен, уақытыңызды босқа өткізесіз, содан кейін әлеуметтік желілер арқылы өсек-аяң тыңдай жүріп, санаңыз ластанады, біреулермен сөзге келіп ренжісесіз, жүйкеңізді жұқартасыз. Ал түрлі ойын ойнау арқылы сіздің санаңыз дамымайды, керісінше топастана түсесіз, өйткені ол ойындар еш ойлануға мұрша бермейді.
Сонда не істемек керек? Күн сайын өзіңізді тым болмаса 20-30 минут уақыт интернеттен пайдалы ақпараттар алуға мәжбүрлеңіз. Ол видеосабақтар, аудиосабақтар немесе электронды кітаптар бола ма &ndash бәрібір. Танымыңызды кеңейтетін пайдалы ақпарат алыңыз және 10-20 минут көңіл көтеретін жақсы хабарлар тыңдаңыз немесе әдемі әндер мен музыканы тыңдаңыз. Бұл сізді тынықтырады және санаңыздағы лас ақпараттарды ығыстырып, орнына танымдық, көңілге қуаныш ұялататын, қайрымдылық, аяныш, махаббат сияқты жақсы сезімдерді орнықтыратын болады.
Екінші істейтін шаруаңыз: күн сайын таңертең кем дегенде 30 минут күндегі әдетіңізден ертерек тұрып, 15-20 минут дене жаттығуын жасаңыз. Бұл денсаулығыңызды нығайтады және күн сайын жасай жүріп, бойыңызда ерік-жігер, өзіңізді пайдалы істерге мәжбүрлей алатын ақыл-ойыңызды бақылап, басқаруды қалыптастырады. Оған күндіз 20-30 минут таза ауада серуендеуді қоссаңыз, тіпті жақсы болады.
Осы екі әрекет арқылы алған игілігіңізді бекіту үшін  күн сайын кешкілік мынаны жасап отырыңыз: «Бүгін мен мынадай пайдалы жақсы ақпараттар алдым, бүгін таңертең дене жаттығуын жасап, күндіз таза ауада жарты сағаттай серуендедім». Міне, осы үш пайдалы істі күн сайын жасап және кешкілік сол жасағандарыңызды есіңізге түсіріп отырсаңыз, сіздің бойыңызда ерік-жігер, пайдалы істермен айналысуға деген ұмтылыс, ақыл-ойыңызды бақылап,басқару, жадыңызды, яғни есте сақтау қабілетін жақсарту  сияқты жақсы қасиеттер қалыптаса бастайды. Бұл  ақырындап сіздің санаңызды өзгертеді. Кейін келе сіз өзіңізге пайдасы жоқ залалды істерден бас тартып, уақытыңыздың көбін пайдалы істерге арнайтын боласыз. Бұл сіздің қоршаған адамдармен қарым-қатынасыңызды өзгертуге, ұстанымыңыз бен көзқарасыңызды, сол арқылы өміріңізді өзгертуге үлкен ықпалын тигізеді.
Өміріңізді өзгерткіңіз келсе, осы қарапайым тәсілді жасап байқаңыз. Шындап кіріссеңіз, көп ұзамай жақсы нәтижесін көретініңіз анық.