Оңтүстіктегі ескерткіштердің аталып жүрген саны дұрыс па?
Қазақ даласындағы тарихи ескерткіштерге қатысты қазір көп айтылып жүр. Тіпті «олардың нақты саны да жоқ» дегенді естідім. Мен Оңтүстік Қазақстандағы ескерткіштердің саны жайлы білгім келеді және сол тарихи құндылықтар жайлы кітаптар бар ма, жәдігерлерімізді мемлекет қорғай ма?
Күнболат Саламатов, Алматы облысы
Сұраққа тарих ғылымының докторы Мадияр Елеуов жауап береді:
– Біз Қазақстанда қанша археологиялық қазба жұмысы жүргізілгенін білмейміз. Мәдениет басқармаларының қызметкерлері «менің облысымда пәлен ескерткіш бар» деп айта алмайды. Мысалы, 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ескерткіштер жинағы шыққан. Ол жинақта Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 528 археологиялық ескерткіш бар делінген. Оның ішінде «Түркістанда – 35 ескерткіш, Түлкібас ауданында 31 ескерткіш бар» деген мәліметті көруге болады. Бұл – қате. 2002-2003 жылдары төрт ай бойы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, «Мәдени мұра» басталған 2004 жылы алғаш рет Түркістан ауданының археологиялық ескерткіштер жинағы шықты. Сонда 35 емес, ауданда 200-ден астам ескерткіш бар екендігі анықталған. Біз облыс көлемін білмейміз. «Мәдени мұраның» кешеуілдеп жатқан жағы – бұл облыстардағы ескерткіштердің есебін алу.