Парламент кітапханасында 30 мыңнан астам кітап бар
Парламент депутаттары жыл бойы сан алуан заң жобаларын әзірлеп жатады. Депутаттар қай кітапханаға барып құжаттар дайындайды екен? Қазақстанның заң шығарушы органында арнайы кітапхана бар ма?
Раушан ӘЛІМҚОЖАЕВА, Алматы облысы
Әлбетте, Парламенттің өз кітапханасы бар. Парламент кітапханасы 1991 жылы Жоғарғы Кеңес кезінде құрылған. Кітапхананың басты мақсаты – қос палата депутаттары мен аппарат қызметкерлерін заң-құқықтық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық құжаттармен, материалдармен қамтамасыз ету. Шетелдік әріптестерімен де тығыз байланыста. Қазір кітапхана қорында 30 мыңнан астам кітап пен мерзімді басылымдардың қоры бар. Оның ішінде кітаптардың үлесі 13 мыңнан асады. 16 мыңнан астамы – газеттер мен журналдар. Кітап қорында парламентаризм, мемлекет және құқық, экономика, тарих, саясат, философия және басқа салалар бойынша ғылыми және оқулық басылымдар сақталған. Кеше Парламент кітапханасы ашық есік күнін өткізді. Мәжіліс аппараты ақпараттық-талдау бөлімінің сектор меңгерушісі Ырыс Кәрімованың айтуынша, тіл үйренемін деген адамдарға қазақ, ағылшын тілін меңгеруге жәрдемдесетін электронды түрдегі көмек құралдары да бар.