Пердені қалай жуады?
Кейде перделерді жуғанда жіптері сөгіліп, түрлі дақтар пайда болады. Қазіргі ұнтақтарға да сенім жоқ, жарнамасын керемет жасайды да, шын мәнінде сапасы ойлағаныңдай болмай шығады. Жалпы, перделерді жуғанда қандай әдістерді қолданған жөн?
Айнұр МҰҚАНОВА, Алматы қаласы
Кір болған бұйымды жуғанда мұқият қарап шығыңыз, шаңын сілкіңіз, қырқылған, жыртылған жерлері болса, жамап-жасқаңыз. Содан кейін перделерді бір-екі рет жылы суға салып қойыңыз. Осының өзінен-ақ оның кірі жуылып қалады. Перделерді үгітілген сабынның немесе кір жуатын препараттың жылы ерітіндісіне түрлі-түсті маталарды жуатын жоғарыда сипатталған әдіс бойынша жуыңыз. Перделер созылып кетпес үшін жіптерінің тоқылуы бағытына қарай жайыңыз. Ылғал күйінде үтіктеңіз. Тюльден жасалған немесе тоқылған ақ перделерді өте мұқият жуыңыз. Ең дұрысы, перделерді дәке қапшыққа салып, орташа қаныққан кір жуатын ерітіндіде қолмен немесе машинкамен жуыңыз. Перделерді алдымен жылы, содан соң салқын сумен шайыңыз. Күңгірттене бастаған тюльден тігілген перделерді жуар алдында жылы тұзды суға салып қойыңыз.