Қай уақыттағы ұйқы адамға қатерлі?
Адамдардың көпшілігі таңғы ұйқының тәтті шырынын бұзғысы келмей жата тұрғанды жөн көреді. «Тағы бір бес минут, тағы бір он минут» деп ұйқысын соза береді. Ақыры, мең-зең боп, бәрі бір ұйқысы қанбай, ұйысып тұрады. Сөйтсе, көп адам осылайша денсаулығына дерт жамап алатын көрінеді.
Сенесіз бе, адам өз еркімен, табиғи түрде оянар кезде ағзасы бір сағат бұрын дайындала бастайды екен: дене қызуы көтеріліп, қалың ұйқының құшағынан ажырай бастайды. Бұған қоса, күні бойы сергек жүруіңізге көмектесетін ағзаңыздағы дофамин белсенділік танытып, «іске қосылады».
Оятқышын қайта-қайта кейінге ысыра берген адамда бұл процесс үзіліп-үзіліп, табиғи ырғақ бұзылатын көрінеді. Ұйқыдан жай тұрған адамның мең-зең болып, ашушаң келетіні осыдан. Мұның сыры – қайта жастыққа бас қойған адам ағзасы қалың ұйқының құшағына шым батуға тырысады екен. Сол себепті, ғалымдар ерте тұрудың пайдалы екенін айтып отыр. Бір оянып, бір ұйықтап, өң мен түстің арасында жатқан адам төсектен тұрғанда тез шаршап, тез шалдығатын көрінеді. Таңғы ұйқыдан оятқыштың уақыт аралығын 10 минутқа қойып, үш мәрте оянып, қайта ұйқыға кеткеннің орнына тастай қатып, жарты сағат ұйықтағаныңыз денсаулығыңызға әлдеқайда пайдалы.
Ғалымдар бұдан құтылу үшін кестеден ауытқымай, уақытында жатып, уақытында ұйқыдан тұруға кеңес береді. Бір уақытта жастыққа бас қойып, бір уақытта оянған адам өзін әлдеқайда сергек сезінеді. Тек ерік-жігеріңізді жанып, өз-өзіңізді қолға алып, ынта танытсаңыз болды: ағзаңыз сонда ғана белгілі бір уақытқа бейімделіп, әдетінен жаңылмайтын болады. Уақыт жағынан ұтып қана қоймай, күш-қуатыңыз артады.
Таңғы намазын ұдайы оқып, құлшылығын қаза қылмаған мұсылмандар жүрек ауруынан аман болады әрі ұмытшақтық секілді дертке де бой алдырмайтын көрінеді. Ғалымдардың тұжырымы осындай.
Иорданиядағы Кардиологтар қауымдастығы қан-тамыр ауруларының басты себептерінің біріне ұзақ ұйқыны (сегіз сағаттан көп) жатқызып отыр. Ұзақ ұйықтаған адамның жүрек қағысының жиілігі минутына 50 қағысқа дейін төмендейді екен. Ал бұл өз кезегінде қан айналымына кедергі келтіріп, жүрек бұлшық етінің әлсіреуіне алып келеді. Нәтижесінде адамның инфаркт немесе инсульт алу қатері жоғарылайды.
Бұған жол бермес үшін, ғалымдардың пікірі бойынша адам аз уақытқа ұйқысын қиып, жиі оянғаны жөн. Төрт сағаттық ұйқыдан кейін кем дегенде 15 минутқа ұйқыдан тұрып, лажы болса, қандай да бір дене қозғалысын жасағаныңыз дұрыс. Таң намазына тұратын мұсылмандардың басындағы жағдай иорданиялық ғалымдардың осы пікірін растай түседі.
Зерттеуден белгілі болғандай, намазын қаза қылмау үшін таңғы ұйқысынан тұратын мұсылмандардың арасында жүрек-қан тамыры аурулары өте сирек кездеседі.