Қайтыс болған адамды жуындырған шүберекпен неліктен әйелдің омырауын сүртеді?
Қайтыс болған адамды жуындырған шүберекпен неліктен әйел адамның омырауын сүртетінін білесіз бе? Халық арасында ұмытыла бастаған бұл ырым жайында NUR.KZ хабарлайды.
Бұрындары қазақтар жаңа босанған әйелдің немесе емізулі баласы бар әйелдің омырауы ісіп кетсе, мәйіт жуындырған шүберекпен сүртетін болған.
Ал кейбір өңірде шүберекті денеге тигізбей, тек ұшықтайды.
Айта кетейік, мәйітті жуған шүберекпен тек әйелдердің емес, малдың да желінін сүртеді.
Халық арасында осы шүберек арқылы әйелдің кеудесіне немесе малдың желініне жабысқан дерттен айықтырған.
"Анам кішкентай күнімізде ескі шүберекпен кеудесін сүртіп отыратын. Кенже сіңлімізді емізетін анамның сарғайып кеткен матамен омырауын сүрткені бізге қызық көрінеді. Содан бір күні оны не үшін істейтінін сұрадым. Ал анам "бұл қайтыс болған адамды жуындырған мата. Қазір сіңлің дұрыс ембей, менің омырауым ауырып жүр. Егер осы шүберекпен сүртсем, жазылып кетеді" деп жауап берді", - дейді NUR.KZ-тің тұрақты оқырманы.
Ал Ақтөбе облысы Байғанин аудандық мешітінің бас имамы Ғабит Маткаримов бұрыннан келе жатқан бұл ырымның дұрыс емес екенін айтуда.
"Кейбірінің мәйітті жуған лас шүберекпен науқас адамды немесе малды сипайтынын да естіп жатамыз. Мұндай әрекеттер тазалыққа, мұсылманшылыққа да жат нәрсе. Ондайдан алыс болғанымыз абзал. Мәйітті жуындыруға пайдаланған қолғап, шүберектер өртеледі", - дейді kazislam.kz сайтына берген сұхбатында.