Қан тобының мінезге әсері бар ма?
Естуімше, адамның мінезіне оның қан тобының (І,ІІ,ІІІ, ІV) әсері болады екен. Мінездегі ерекшеліктер туралы жазсаңыздар.
Бауыржан Өсекбаев, Алматы қаласы
Мамандардың айтуынша, адамның қан тобы оның мінезіне әсер етуші бірден-бір фактор болып табылады. Мысалы, қан тобы біріншіге жататын адамдар рухани мықты болып келеді. Өмірге құштар, әрқашан көшбасшылыққа ұмтылатын, бірақ өздеріне айтылған сынды аса қабылдай бермейтін жандардың көбіне қаны бірінші топтан болады. Қаны екінші топтағылар – өте ұқыпты, істері жүйелі және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адамдар. Олардың мінездері жайлы болғандықтан кез келген ортаға сіңіп кете алады.
Тағы бір ерекшеліктері олар қиналса да, қуанса да сыртқа аса білдіре бермейді. Бірақ қатты ашуланса, тау қопарарлық мінезі бар. Үшінші топтағы қан иелері – нағыз шығармашылық адамдары. Жан дүниесі қиялға бай және арманшыл адамдардың қаны көбіне үшінші топтан болады екен. Олар өздері қолға алған іске барынша фантазиямен кіріседі. Бір кемшілігі – өте тұйық, адамдармен тіл табысуы қиындау. Көпшілік ортадан гөрі оңашаланғанды ұнатады. Ең сирек ұшырасатын қан тобы – төртінші топ. Бұл қан тобының иелері – ерекше ұйымдастырушылар. Мінезі ашық-жарқын, ақ көңіл болғандықтан олар көбінесе көпшіліктің ортасында жүреді.