Қандай жағдайда келін сәлем салмайды?
Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді. Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайнағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа (үнемі сәлем салып жүргендіктен бір есептен келін де қысылады, именеді), екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен.
Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан. «Ендігі жерде басың иілмесін. Жүзің төмен түспесін. Қызымыздай бол» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, арақатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек мұны. Келіннің иіліп сәлем салғаны сияқты күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы – сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы…