Қатты қорыққан адамды қалай сабасына түсіру керек?
Кейде ел ішінде оқыс төтенше жағдай болатыны туралы дүрлігулер орын алып жатады. Мұндай кезде ең алдымен жүйкесі әлсіздер мен паникалық қорқынышқа бейім адамдарды үрей билейді. Байбалам мен үрейге берілмеу, қорқыныштан арылу үшін не істеу керек?
Жанна МОЛДАБАЕВА, Алматы қаласы
ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік психологтерінің мәліметінше, әлденеден қатты қорыққан, жол-көлік не басқа апаттарға ұшыраған, кісі өлімін көрген адамдар байбаламға тез бой алдырады. Үрей ұстамасының белгілері: бұлшық еттің жиырылуы, жүректің қатты соғуы, ентігу, өзін-өзі ұстай алмау. Бойын паникалық қорқыныш жеңген адам қиын жағдайларда беталды жүгіруі немесе агрессияға беріліп, маңайындағыларды ұрып-соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда үрейленген адамның қолын өз білегіңізге тақаңыз, ол сіздің қалыпты пульсіңізді сезініп, сабырға келуі тиіс. Жалпы, байбалам салған адамның қолын ұстаған кезде, оның миына «сен жалғыз емессің, қасыңда адам бар» деген дабыл барады. Үрейі ұшқан, қатты толқыған адамға өзіңізбен бір ырғақта тыныс алуға кеңес беріңіз. Бұл оның демігуін реттейді. Байбалам салып жатқан адамның сөзін бөлмеу керек, қайта оны түсініп отырған ыңғай таныту қажет. Жиырылған бұлшық еттерін уқалау керек.