Қауіпсіздік белбеуін тақпауға кімнің құқығы бар?
Заң бойынша кез келген жүргізуші көлікте қауіпсіздік белбеуін тағуға міндетті. Естуімше, осы міндеттеуден босатылатындар да бар екен...Нұржан Сәдуақасұлы, Алматы қаласы
Үстіміздегі жылы жол қауіпсіздігіне қатысты заңдар мен ережелердің қатаң сақталуы жіті бақылуға алынды. Әсіресе, қауіпсіздік белбеуін тақпайтын, қозғалыс кезінде ұялы телефонмен сөйлесетін, көлік жүргізу кезінде өрескел қателіктер жіберетін жүргізушілер қатаң жазалануда. "Жол қозғалысы қауіпсіздігін" қамтамасыз ететін заңға сәйкес, қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізуші әжептәуір айыппұл төлейді. Қауіпсіздік белбеуі бар көліктің жүргізушісі қозғалыс кезінде өзінің де, қасында отырған жолаушылардың да қауіпсіздік белбеуін тағуын қадағалауға міндетті. Ал зауытта жасалғанда қауіпсіздік белбеуі қарастырылмаған көліктердің жүргізушілеріне белбеуді тағу талабы қойылмайды. Сондай-ақ 12 жасқа дейінгі балаларға, көлік жүргізуді үйрететін арнайы мамандарға және Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің оперативтік қызметкерлеріне, жедел жәрдем көліктері мен таксистерге қауіпсіздік белбеуін тақпауға рұқсат етіледі. Алайда таксистердің көлігі такси талаптарына сай болуы керек.