Қазақ келіні қандай жағдайда сәлем салмаған?
«Сәлем салу» қазақтың ертеден келе жатқан салттарының бірі. Сәлем алу ең алдымен қарапайым амандасу екенін түсіну керек. Иіліп сәлем беру өзіңнен үлкен, жарыңнан үлкен кісіге деген сый-құрметің екенін есткен шығармау керек.
Сәлем салу — келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен аманы. Келін ата-енесіне күнде таңертең және олар ұзақ уақыт басқа жақта болып келгенде сәлем салады. Келіннің сәлем салу дәстүрі беташардан басталады. Әдетте, беташарда күйеуінің ет жақын туыстарының әрқайсысына арнау өлең айтылған соң келін мен оны қолтықтап тұрған абысындарымен бірге иіліп сәлем салады. Келіннің беті ашылып, босаға аттаған күннен бастап, келін күйеуінің ағайындарына көрген кезде екі қолын алдына бір-біріне айқастырып қойып «сәлем бердік» деп дауыстап, өзі иіледі. Күйеуінің ағайындары жол-жөнекей кездескен күнде де осылай сәлем салады.
Келін сәлемді ата-енесіне, күйеуінің ағаларына, сол әулеттің басқа да үлкен кісілеріне, ауылдың үлкен кісілеріне салады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ал сәлемге ие болған адам:- «Бақытты бол, балам!», «Өркенің өссін!», «Ұл тап», «Көп жаса, қарағым!» — деп өз ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді. Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. «Жақсы келін — қызындай, жақсы күйеу — ұлындай» деп қазақ даналары бекер айтпаған.
Табаққа салем салу дегеніміз-ет жеп болған соң дастарқан басында отырған үлкен адам табақты келінге ұсынған кезде келін иіліп сәлем салып барып табақты алуы
Қазақ елінің кейбір өңірінде сәлем салу дәстүрінің екі түрі қалыптасқан, біріншісі – келіндердің өз күйеуінің үлкен ағайындарына, екіншісі – қазақтардың үлкен асын (етті) жеп болған соң табаққа сәлем салуы. Табаққа салем салу дегеніміз-ет жеп болған соң дастарқан басында отырған үлкен адам табақты келінге ұсынған кезде келін иіліп сәлем салып барып табақты алуы. Табақты берген кісі «Ұл тап қарағым!» деп рақмет айтады.
Келін түскеннен бастап басқа да ырымдар жасалады. «Оты өшпесін», «Ошақтан от кетпесін» деп ырымдап отқа май тамызады. Келін алғаш үйге кіргенде оң аяқпен аттатуды да жақсы ырымға жориды. Керісінше, бүйірін таяну – қайғының, жағын таяну – мұң-шердің белгісі деп ырымдап, жүресінен отыруды әдепсіздік белгісі деп олай істеуге тыйым салады. Келінге қатысты ырымдар мен тыйымдардың көп болуы бір жағынан, олардың тәрбиелік мәнінің болуымен, екінші жағынан болашақ ананың денсаулығына, ұрпақ денсаулығына деген қамқорлықпен байланысты.
Ал «қандай жағдайда келін сәлем салмайды?» деген сұраққа Зейнеп Ахметова апамыз «Бабалар аманаты» атты кітабында былай деп жазады:
Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан
Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді. Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайнағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа (үнемі сәлем салып жүргендіктен бір есептен келін де қысылады, именеді), екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен.
Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан. «Ендігі жерде басың иілмесін. Жүзің төмен түспесін. Қызымыздай бол!» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, ара-қатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек мұны. Келіннің иіліп сәлем салғаны сияқты күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы — сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы.
Өздеріңіз көріп отырғандай, сәлем салудың маңызы өте жоғары. Сіз сәлем салудан кем болып қалмайсыз, қайта өз құрметіңізді көрсету арқылы мәртебеңіз өседі. Сіз сәлем салған кезде үлкен кісілер бір қуанып қалады. Сондықтан, жақсы салтымызды ұмытпайық құрметті қыздар, келіншектер!
neke.kz